Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың рухани әлемін жаңа белеске көтерген Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау мақсатында 10 тамыз – Абай күніне орай «Абай әлемі» қалалық байқауы өтті.

Тағылымды шараны Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі ұйымдастырды.
Рухани шараға қаланың шығармашыл зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, кітапхана оқырмандары мен жастар қатысты.
Байқау аясында «Абай мұрасы – мәңгілік құндылық» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар қатысушылар Абайдың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, әндерін орындап, ақынның шығармашылық мұрасын жан-жақты дәріптеді.

Шара барысында Абайдың рухани-адамгершілік қағидалары мен ағартушылық идеяларының бүгінгі қоғам үшін маңызы кеңінен насихатталды.
Биылғы байқауға қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен шығармашыл жастардан барлығы 42 үміткер қатысты. Олардың ішінен 15 қатысушы екінші кезеңге жолдама алды. Байқау барысында үміткерлердің көркем оқу шеберлігі, сахна мәдениеті, сөз саптауы, шығарманы терең түсінуі және орындаушылық деңгейі жан-жақты бағаланды.
Байқауға қазылық еткен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Анар Жаппарқұлова қатысушылардың дайындық деңгейіне жоғары баға берді.

– Байқау ойдағыдай өтті. Қатысушылардың барлығы тыңғылықты дайындалып келгені байқалды. Бұл – жастардың Абай мұрасына деген қызығушылығының артып келе жатқанының көрінісі. Алдағы уақытта бұл байқаудың ауқымы кеңейіп, қатысушылардың деңгейі бұдан да жоғары болатынына сенімім мол. Біз Абайды тек мереке қарсаңында ғана емес, әрдайым оқып, оның мұрасынан тағылым алуымыз керек. Өйткені Абай – ұлттың рухани темірқазығы. Тәрбиелі, намысты, білімді ұрпақ өсіру үшін Абайды оқып, Абайдың ойымен өмір сүруіміз қажет. Баршаңызды ұлы ойшыл, қазақ руханиятының шамшырағы Абай Құнанбайұлының туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деді ол.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың Бас жүлдесін Иса Жақсыгелдіұлы Шаншар иеленді.
І орын – Қали Бақтиярұлы Үмбетәлі, ІІ орын – Ләззат Шорақызы Муслим мен Ұлбала Лескенқызына берілді. Ал ІІІ орынды Гүлжанат Шахыдін, Тұрарбек Әбілдаұлы Маханбетов және Ангелина Андрейқызы Толмачева иеленді.
Байқауға қатысқан өзге үміткерлер арнайы дипломдармен марапатталып, ынталандыру сыйлықтарына ие болды.