Шымкентте 10 тамыз – Абай күніне арналған мәдени шаралар легі «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде жалғасты. Бұл жолғы «Шымқала кеші» ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының өлмес мұрасын ұлықтап, оның тағылымды шығармаларын өнер тілімен қайта жаңғыртуға арналды.

Мәдени кештің негізгі мақсаты – Абайдың әдеби мұрасын өнер арқылы жаңғыртып, өскелең ұрпаққа ақынның тағылымды ойларын жеткізу, ұлттық руханияттың құндылықтарын дәріптеу және көрерменге мазмұнды мәдени бағдарлама ұсыну.
Кештің шымылдығы Жастар театры өнерпаздарының орындауындағы «Қалың елім, қазағым» поэтикалық толғауымен түрілді. Сахнада Абайдың ел тағдыры, халықтың болмысы, білім мен ғылым, адамгершілік пен парасат жайындағы терең ойлары көркем сөз арқылы өріліп, ақынның шығармашылық әлемі көрерменге әсерлі түрде ұсынылды.

Поэзиямен басталған рухани кеш әсем әнмен жалғасты. Сахна төріне «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары шығып, көрерменге қазақ музыкасының таңдаулы туындыларын тарту етті. Кеш бағдарламасында қазақтың сырлы әндері шырқалып, «Көзімнің қарасы», «Оралшы, махаббат», «Таң сыры», «Тәтті бақыт», «Ризамын», «Отаным», «Қазақ елі» және басқа да музыкалық шығармалар орындалды.
Ән мен жыр, поэзия мен ұлттық өнер тоғысқан кеш барысында көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын әсерлі қойылымдар мен музыкалық нөмірлер ұсынылды. Өнерпаздардың орындауындағы шығармалар арқылы Абайдың көркемдік әлемі мен қазақ мәдениетінің бай мұрасы кеңінен насихатталды.
Кештің әрбір бөлігінде ұлы ақынның шығармашылығына деген құрмет пен ұлттық руханиятқа деген тағзым айқын көрініс тапты. Абайдың өлеңдері мен әндері арқылы көрермен ақынның терең философиялық ойларына тағы бір мәрте үңіліп, оның шығармаларының бүгінгі қоғам үшін де өзектілігіне көз жеткізді.