Шымкент қаласының садақ атушылары халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етті. Биыл наурыз айында Таиландтың Бангкок қаласында өткен Азия кубогында шаһар спортшылары бірнеше жүлдеге қол жеткізді. Командалық сайыста Роксана Юнусова мен Диана Юнусова алтын медаль иеленсе, классикалық садақ атудан Дастан Кәрімов пен Диана Тұрсынбек те командалық есепте жеңімпаз атанды.

31 наурыз – 4 сәуір аралығында Бангкок қаласында өткен пара садақ атудан Азия кубогында Шымкент спортшылары Жанат Әйтімова мен Айым Сейдахметова командалық сайыста 2-орын иеленіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Сонымен қатар, былтыр Корея Республикасының Гванчжу қаласында өткен садақ атудан әлем чемпионатында Роксана Юнусова командалық сайыста қола жүлдегер атанды. Бұл нәтиже спортшының халықаралық аренадағы шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек халықаралық додаларда топ жарған садақ ату спортының өкілдерін қабылдап, құрмет көрсетті. Кездесуде Сәрсен Абайұлы спортшылардың әлем чемпионатында 32 жыл үзілістен кейін жүлдеге қол жеткізгенін атап өтіп, қалада спортты дамытуға және талантты спортшыларды қолдауға қажетті жағдай жасалып жатқанын айтты.
Қала әкімінің орынбасары Роксана Юнусоваға 1 000 000 теңге, Азия кубогының жеңімпаздарына 300 000 теңгеден, ал пара садақ атудан Азия кубогының күміс жүлдегерлеріне 200 000 теңгеден сыйақы табыс етті.
Спортшылардың бұл жетістіктері – тынымсыз еңбектің, жоғары кәсіби шеберліктің және жаттықтырушылардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Шымкенттік мергендердің халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғауы шаһардағы садақ ату спортының әлеуеті артып келе жатқанын аңғартады.