«ZHASTAR FEST – 2026» іс-шарасында үздік жастар марапатталды

12 тамыз — Халықаралық жастар күніне орай Шымсити саябағында «Zhastar fest – 2026» мерекелік фестивалі өтті. 

Мерекелік кеш ҚР Мемлекеттік Әнұранымен басталып, «Шамсинұр» би ансамблінің өнерімен жалғасты. Фестиваль барысында жастарға арналған концерттік бағдарлама ұсынылып, белгілі өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды.
Іс-шарада қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бүгінгі жастарға барлық жағдайлар жасалып жатқанын атап өтіп, нашақорлықтың алдын алу бағытында ұйымдастырылған «Жас мобилограф» байқауының жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтарын табыс етті.


Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жастарды мерекемен құттықтап, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген белсенді азаматтарды қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, қаладағы жоғары оқу орындарының ректорлары да бүгінгі мерекеге орай ізгі тілектерін жеткізді.

Фестивальдің концерттік бағдарламасында Бағлан Жолдасов, Астана Қарғабай, Сырым Исабаев, Қуаныш Әбжапбар және Алуа Мерген өнер көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтарына әсем әндерін тарту етті.
Сонымен қатар, «ZHASTAR FEST – 2026» жобасы аясында өткізілген «Оқырман», «Stand Up», «Поэзия», «Акустика» және «Заманауи би» бағыттары бойынша байқаулардың жеңімпаздары марапатталды.

Кештің қорытынды бөлімінде «Шамсинұр» би ансамблі, «Арт Шоу» тобы және «Бурхан Стайл» барабан шоуы өнер көрсетті.

Айта кетейік, «ZHASTAR FEST – 2026» фестивалі жастардың басын біріктіріп, олардың таланты мен шығармашылық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берген мазмұнды мерекелік кеш ретінде өткізілді. Мұндай іс-шаралар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, өнер мен шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Фестиваль аясында үздіктердің еңбегі еленіп, белсенді жастарға қолдау көрсетілді. Алдағы уақытта да жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған игі жобалар жалғасын табады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *