Шымкентте балаларға қаржылық және материалдық көмек көрсету тетігі жетілдірілді

Шымкентте білім алушылар мен тәрбиеленушілерге көрсетілетін қаржылық және материалдық көмекті тағайындау тәртібі жетілдірілді. Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауды нақты көмекке мұқтаж балаларға бағыттап, өтініштерді қарау кезінде бірыңғай әрі автоматтандырылған тетікті қалыптастыру.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаржылық және материалдық көмек әлеуметтік жағдайы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келетін балаларға беріледі. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балалар, табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен отбасылардың балалары және заңнамада көзделген басқа да санаттар бар.

Шымкент қаласында бұрын көмек алушылардың санын анықтау барысында, әсіресе табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларды айқындауда бірқатар қиындықтар болған. Ақпараттық жүйелердің толық интеграцияланбауы әлеуметтік мәртебені нақты анықтауға әсер еткен. Соның нәтижесінде көмек алушылардың саны да айтарлықтай өсті. Мәселен, 2024 жылы қалада 46 825 білім алушы қаржылық және материалдық көмекпен қамтылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 57 047-ге жеткен. Ал 2026 жылға осы мақсатта 66 мың білім алушыға көмек көрсету көзделген.

Биылдан бастап өтініш қабылдау процесі «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Азаматтар өтінішті электрондық түрде береді.

Жаңа цифрлық тетік әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде адами факторды азайтып, деректердің нақтылығын арттыруға және әлеуметтік көмекті заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес тағайындауға бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *