Шымкенттегі №21 «Ертарғын» бөбекжай-бақшасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен іске қосылған «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» пилоттық жобасына қатысып келеді.

Пилоттық жоба мектеп жасына дейінгі балаларды еңбекке ерте жастан бейімдеп, олардың түрлі мамандықтар туралы алғашқы түсінігін қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында балалар еңбек түрлерімен ойын, шығармашылық және практикалық әрекеттер арқылы танысып, еңбектің нәтижесін бағалауды және өзгенің еңбегіне құрметпен қарауды үйренеді.
Балабақшада балаларға арналған бірнеше ойын және тәжірибелік аймақ жұмыс істейді. Олардың қатарында «Зергерлік шеберхана», «Аспаздық», «Тігінші», «Инженерлік», «Зертхана», «Құрылыс алаңы», «Жылыжай» және «Мультстудия» бар.

Мысалы, «Зергерлік шеберханада» балалар сәндік бұйымдардың жасалу жолымен танысып, шығармашылық тапсырмалар орындайды. «Аспаздық» аймағында аспаз мамандығы туралы түсінік қалыптасып, тағам дайындау кезінде тазалық пен қауіпсіздік талаптарын сақтау дағдыларына көңіл бөлінеді. «Тігінші» аймағында балалар мата мен киім түрлерін таныса, «Инженерлік» бағытта құрастыру және модельдеу жұмыстары жүргізіледі.
«Зертхана» аймағында қарапайым тәжірибелер арқылы бақылау, салыстыру және қорытынды жасауға арналған тапсырмалар орындалады. «Құрылыс алаңында» балалар құрылыс материалдарымен жұмыс істеп, құрастыру және жоспарлау әрекеттеріне қатысады. Ал «Жылыжайда» тұқым егу, өсімдіктерді суару және күту арқылы еңбекке жауапкершілікке баулу жұмыстары жүргізіледі.

Жобаның мазмұнына цифрлық бағыт та енгізілген. «Мультстудияда» балалар кейіпкерлер ойлап тауып, өз идеяларын бейнелеуге және қарапайым мультөнімдер жасауға қатысады. Бұл бағыт шығармашылықпен қатар цифрлық және коммуникативтік дағдыларды дамытуға бағытталған.
Кәсіптер туралы түсінік сюжеттік-рөлдік ойындар арқылы да беріледі. Тәрбиешілердің ұйымдастыруымен балалар аспаз, дәрігер, құрылысшы, тігінші, зергер, инженер, бағбан, зерттеуші және мультфильм жасаушы рөлдерін сомдайды. Ойын барысында олар әр маманның атқаратын қызметі мен еңбегінің маңызы туралы түсінік алады.

Балабақшадағы бұл жұмыс белгілі бір мамандықты ерте таңдауға бағытталмайды. Негізгі назар – баланың еңбекке оң көзқарасын қалыптастыруға, өз еңбегінің нәтижесін бағалауға және басқа адамдардың еңбегін құрметтеуге аударылған. Сонымен қатар балалардың жауапкершілік, ұқыптылық, өз бетінше әрекет ету және бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын дамыту көзделеді.
№21 «Ертарғын» бөбекжай-бақшасында пилоттық жобаны іске асыру аясындағы жұмыстар ойын және практикалық әрекеттер арқылы жалғасуда. Кәсіптермен ерте танысу балалардың қоршаған орта туралы түсінігін кеңейтіп, еңбекке қатысты алғашқы көзқарастарының қалыптасуына мүмкіндік береді.