Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген «Тоқыма және тамақ инженериясы» жоғары мектебінің жұмысымен танысты.

Ректор оқу аудиторияларын, арнайы кабинеттер мен ғылыми зертханалардың материалдық-техникалық жағдайын көрді. Студенттер және оқытушылармен кездесіп, оқу үдерісі мен ғылыми жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады.
Аралау кезінде білім беру үдерісінің ұйымдастырылуы мен студенттердің тәжірибелік дайындық деңгейіне де назар аударылды. Ректор жоғары мектептің білім беру бағдарламаларының қазіргі еңбек нарығының талаптарына сәйкестігіне және студенттердің кәсіби дағдыларын қалыптастыруға қажетті жағдайларға тоқталды. Сонымен қатар оқытушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуы мен өндірістік тәжірибені оқу үдерісімен ұштастыру мәселелері талқыланды.
Жоғары мектепте тоқыма және тамақ өндірісі бағыттары бойынша тәжірибелік сабақтар өткізіліп, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына жағдай жасалған. Зертханаларда білім алушылар теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік бар.
Сонымен бірге аралау барысында шешімін қажет ететін бірқатар мәселе де айтылды. Атап айтқанда, оқытушыларды заманауи компьютерлік құрылғылармен қамтамасыз ету және студенттерге арналған оқу аудиторияларын талапқа сай жабдықтау мәселелері көтерілді.
Осыған байланысты Мұхтар Төлеген жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
«Бұл жұмыстарды созбалаңға салмай, нақты нәтижеге бағыттау қажет. Алдымызда білім сапасын арттыру, ғылым мен өндірістің байланысын күшейту және студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру міндеті тұр», – деді Мұхтар Төлеген.
Университет басшылығының мәліметінше, алдағы кезеңде жоғары мектептің материалдық-техникалық базасын жетілдіру, ғылыми жобаларды қолдау және білім алушылардың тәжірибелік мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасады.