22–27 қыркүйек аралығында Қытайдың Шанхай қаласында WorldSkills Shanghai 2026 әлем чемпионаты өтеді. Кәсіби шеберлер бәсекесіне Қазақстан құрамасы да қатысады.

Еліміздің атынан 33 жас маман 31 құзыреттілік бойынша бақ сынайды. Қазақстандық қатысушылар мехатроника, инженерлік графика, CNC технологиялары, бағдарламалық және мобильді қосымшаларды әзірлеу, дәнекерлеу, электроника, мобильді робототехника, электрмонтаж және басқа да бағыттарда өз шеберліктерін көрсетеді.
Қазақстан құрамасы сапында Шымкенттен екі жас маман бар.
«Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің түлегі Надирбек Ихтиярұлы Рустамханов қатысады. Ал «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенті Ғазиза Айдарханқызы Қанан бақ сынайды.
Биылғы чемпионатқа 70-тен астам ел мен өңірден 1 400-ден астам жас маман қатысады. Олар 64 құзыреттілік бойынша кәсіби шеберліктерін ортаға салады. Бағдарламада дәстүрлі жұмысшы кәсіптермен қатар цифрлық медиа, бағдарламалық жасақтаманы тестілеу, дрон жүйелері, теміржол көлігі технологиясы секілді заманауи бағыттар да бар.
WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатының ашылу салтанаты 22 қыркүйекте өтеді. Негізгі жарыстар 23–26 қыркүйек аралығында Шанхайдағы Ұлттық көрме және конгресс орталығында ұйымдастырылады. Ал 27 қыркүйекте жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады.
WorldSkills — жастардың кәсіби дағдыларын дамытуға, жұмысшы кәсіптердің беделін арттыруға және техникалық әрі кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған халықаралық қозғалыс. Қазақстандағы қозғалыстың ұлттық операторы — ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы.
Шымкенттік екі қатысушы чемпионатта өз құзыреттіліктері бойынша өнер көрсетіп, халықаралық деңгейдегі кәсіби шеберлік додасына қатысады.