«Сайрам» медициналық колледжінде «Цифрлы Қазақстан: жасанды интеллект – заман талабы» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шара барысында жастарға жасанды интеллекттің мүмкіндіктері таныстырылып, оны білім алу үдерісінде тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану жолдары түсіндірілді. Студенттер жасанды интеллекттің білім беру және медицина салаларындағы қолданысын талқылап, жаңа технологияның оқу үдерісіндегі мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.
Кездесудің негізгі мақсаты – студенттерге жасанды интеллекттің не екенін түсіндіру және оны дұрыс пайдаланудың маңызын көрсету.
— Кездесудің басты мақсаты – жасанды интеллекттің не екенін және оны дұрыс қолдану тәртібін студенттерге түсіндіру. Қазіргі таңда студенттер сабақ барысында ChatGPT-ді пайдаланып жүр. Мысалы, анатомия сабағында қажетті ақпаратты осы құрал арқылы іздейді. Күнделікті өмірде де жастар жасанды интеллектті белсенді қолданып келеді, – дейді «Сайрам» медициналық колледжі директорының орынбасары Бахадыр Акрамшиков.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жаңа технологияның мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе жасанды интеллекттің медицина саласында қолданылуы жастардың қызығушылығын арттырды.
Мамандар жасанды интеллектіні дайын жауап көзі ретінде емес, білімді толықтыруға және жаңа ақпаратты меңгеруге көмектесетін құрал ретінде пайдаланудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар ақпаратты саралау, дереккөздердің дұрыстығын тексеру және өз бетінше ой қорыту қажеттігіне назар аударылды.
Техника ғылымдарының кандидаты, профессор Мұсабек Ақылбаев жасанды интеллект ұғымына түсінік беріп, оның негізгі ерекшеліктеріне тоқталды.
— Жасанды интеллект деген – адамның ойлау қабілетін, үйренуін, шешім қабылдауын компьютерлік жүйе арқылы модельдеу. Яғни компьютерге адамның ойлау қабілетін белгілі бір деңгейде модельдеп, сол арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік беретін технология, – дейді техника ғылымдарының кандидаты, профессор Мұсабек Ақылбаев.
Жиында жасанды интеллектті қолданудағы жауапкершілік мәселесіне де ерекше мән берілді.