Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Нашақорлыққа қарсы штабтың бірлескен отырысы өтті.

Жиынға құқық қорғау және арнаулы органдардың, әскери басқару органдарының басшылары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.
Отырыста қаладағы қоғамдық қауіпсіздік, жолдағы тәртіп және есірткі қылмысына қарсы күрес мәселелері қаралды.
Полиция департаментінің басшылығы Шымкенттегі криминогендік жағдай мен есірткі қылмысына қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қалада қылмысқа қатысты бірқатар көрсеткіштің төмендегені айтылды.
Қала әкімі қоғамдық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді атап, оларды шешу үшін нақты жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Соның ішінде жолдағы тәртіп пен жүргізу мәдениетіне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыс тек полицияның рейдтерімен шектелмеуі керек. Жүргізушілер арасында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын күшейтіп, оған бірнеше саланың мамандарын тарту қажет екені айтылды.
Жиында есірткіге қарсы күрестің алдын алу шараларына да басымдық берілді. Әсіресе жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселесі көтерілді.
Осы бағытта жастар саясаты, денсаулық сақтау, спорт, ішкі саясат және білім беру салалары бойынша жаңа жобалар әзірлеу тапсырылды.
Жиын соңында айтылған ұсыныстар талқыланып, қауіпсіздік пен есірткі қылмысының алдын алу жұмыстарын бірлесіп жүргізуге қатысты ортақ шешімдер белгіленді.
Заң мен тәртіп қағидатын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар барлық мемлекеттік органның өзара үйлесімді іс-қимылын талап етеді. Бұл ретте құқық бұзушылықтың салдарымен күресумен қатар, оның алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған шараларға басымдық беру қажеттігі атап өтілді.