ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше қажеттілігі бар адамдарға тең мүмкіндіктер жасау туралы тапсырмасының орындалуы бойынша қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен бейне байланыс арқылы мәжіліс өтті.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Қасымбек Сайлауов мүгедектерге қолайлы орта құру мәселесі бойынша атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Оның сөзіне сенсек қалада 37014 мүгедек азаматтар есепте тұр.
Ерекше қажеттілігі бар адамдарға тең мүмкіндіктер жасау мақсатында бүгінгі таңда қала бойынша 931 нысан мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына бейімделген. Сондай-ақ, биыл 55 нысанның 23-і бейімдеуден өтсе, қалған нысандардағы бейімдеу жұмыстары жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
«Көліктік инфрақұрылымды дамыту бойыша қала көшелерінде 246 дана – «Зағип жаяу жүрушілер» жол белгілері, бағдаршам нысандарында қосымша 80 дана – дыбыс құралдары орнатылған. Ал қаланың 45 жерінде арнайы тұрақтар ұйымдастырылып, «Мүгедектер» жол белгілері орнатылған және жол таңбалары сызылған»,-деді басқарма басшысы.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Қасымбек Сайлауов бірқатар мәселелерді «жұқалап» жеткізді. Айтуынша кейбір ғимараттар стандартқа сай жабдықталмай жатқан көрінеді.
Баяндамашыны мұхият тыңдаған Мұрат Дүйсенбекұлы «мүгедектерге қолайлы жағдай жасау әрбір мекеме, ұжым басшыларының басты міндеті. Сондықтан қолайлы орта жасау жұмыстарына барша мекемелер жұмыла кірісуі қажет»,- деді.
Бұдан бөлек, шаһар басшысы мүгедектерге жасалған қолайлы жағдайдың талапқа сай жүргізілуін бақылау мақсатында аудитпен бірге рейдке шығуды тапсырды. Нәтижеге қол жеткізу үшін арнайы жұмыс жоспарын әзірлеуді жүктеді.
Bozyq.kz