Шымкент қаласында 25 қазан – Республика күніне орай білім беру ұйымдарында «Ұлт рухы. Ел мұраты. Ұрпақ жауапкершілігі» атты бірыңғай қалалық зияткерлік апталық басталды. 19–23 қазан аралығына жоспарланған апталық, оқушылардың тарихи танымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және азаматтық жауапкершілігін арттыра түсуге ықпал етпек.

25 қазан – Республика күні. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды тарихи қадамдарының бірі болды. Бүгінде Республика күні елдің мемлекеттілігі мен ұлттық бірлігін дәріптейтін маңызды мереке саналады.
Апталық аясында танымдық сабақтар, зияткерлік сайыстар, пікірталастар, дебаттар және ғылыми жобалардың таныстырылымдары ұйымдастырылады. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, оқушылардың ел тарихына қызығушылығын арттыруға, білімін жетілдіруге және өз ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік береді.
Бағдарламадағы «Бір күн – бір тұлға – бір тағылым», «Ойлы ұрпақ» пікірталас алаңы және «Менің қалама пайдалы идея» әлеуметтік жобасы оқушылардың бастамашылдығын қолдауға бағытталған. Әсіресе, туған қаланың дамуына қатысты пайдалы идеялар ұсыну арқылы жасөспірімдердің қоғам өміріне белсенді араласуына септігін тигізеді.
Апталық қорытындысында үздік жобалар таныстырылып, белсенді қатысушылар марапатталады.
Зияткерлік апталық аясындағы іс-шаралар оқушылардың білімін тереңдетіп, шығармашылық ізденісіне жол ашады. Әлеуметтік жобалар арқылы жасөспірімдер туған қаласының дамуына қатысты өз идеяларын ұсынып, азаматтық белсенділігін танытуға мүмкіндік алады. Осылайша, апталық тарихи таным мен ұлттық құндылықтарды білім алушылардың күнделікті өмірімен ұштастыруды көздейді.