Шымкент қаласы Нұрсәт және Қайнарбұлақ және шағынаудандарында ангар үлгісіндегі екі модульді спорт залы пайдалануға берілді.

Спорт нысандарының ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.
Жаңа залдардың ашылуы, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер үшін маңызды. Енді мектеп оқушылары баскетбол, волейбол және шағын футбол сияқты спорт түрлерімен арнайы жабдықталған, қолайлы ғимаратта айналыса алады.
Нысандардың ашылу рәсімінде қала әкімі спорт инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті.
«Әр шағынауданның тұрғындары тұрақты жаттығып, денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік алуы маңызды. Біз спорт нысандарының қолжетімділігіне ерекше назар аудара отырып, қаланың спорт инфрақұрылымын дамытуды жалғастырамыз», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Жаттығуға қажетті жағдай жасалған
Модульді спорт залдары спортпен жүйелі айналысуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда баскетбол, волейбол және шағын футбол ойнауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар ғимараттарда ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары және жаттықтырушыларға арналған жеке бөлмелер қарастырылған.
Көрермендер үшін де жағдай жасалған. Әр залда 50 орындық орын бар. Ал суық мезгілде жаттығу процесінің үзілмеуі үшін ғимараттарға жылыту жүйелері орнатылған.
Осылайша, нысандар спортшылардың жаттығуына ғана емес, жарыстар мен түрлі спорттық іс-шараларды өткізуге де бейімделген.
Жоба «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асты
Модульді спорт залдарының құрылысы 2025 жылдың қараша айында басталған. Жобалар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып, Шымкент қаласына сый ретінде берілді.