KazRoadLab: жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылаудың цифрлық жүйесі

KazRoadLab ақпараттық жүйесі жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылау және зертханалық сынақтардың нәтижелерін тіркеу процестерін цифрландыруға мүмкіндік береді.


«Жол активтері сапасының ұлттық орталығында» қолданылатын KazRoadLab жүйесі жол инженерлері мен сынақ зертханаларының жұмысын бір цифрлық ортаға біріктіреді. Жолдан сынама алынған сәттен бастап зерттеу нәтижелері дайын болғанға дейінгі барлық мәлімет жүйеде тіркеледі.

Нысанда инженер планшет арқылы жол-құрылыс материалы туралы ақпаратты енгізіп, сынама алынған орынды белгілейді және фотосуреттерді тіркейді. Бұл мәліметтердің электронды түрде сақталуына және қағаз құжат айналымын қысқартуға мүмкіндік береді.

Әрбір сынамаға бірегей QR-код беріледі. Оның көмегімен үлгінің бүкіл зерттеу тарихын бақылауға болады. Зертхана қызметкерлері сынаманың қай жолдан алынғанын, сондай-ақ мердігер мен тапсырыс берушінің кім екенін көрмейді. Бұл мүдделі тараптардың зерттеу нәтижелеріне ықпал ету қаупін азайтуға көмектеседі.

Жүйе сынақ жабдықтарынан алынған деректерді тікелей қабылдап, белгіленген әдістемелер бойынша есептеулер жүргізеді және нәтижелерді сынақ хаттамасына енгізеді. Бұл көрсеткіштерді қолмен көшіру және есептеу кезіндегі қателер ықтималдығын төмендетеді.

Бұдан бөлек, өлшеу құралдарының көрсеткіштері камералар арқылы тіркеледі. Фотосуреттер сынақ нәтижелерімен бірге жүйеде сақталады. Қажет болған жағдайда өлшеу сәтіндегі көрсеткіштерді қайта тексеруге болады.

Тапсырыс берушілер мен мердігерлер де өз нысандарына қатысты сынақ нәтижелері мен ескертулерді көріп, жүйеге құжаттар тіркей алады және жауап жолдай алады.

KazRoadLab жүйесі Орталықта 2019 жылдан бері қолданылады. 2024 жылы оның жұмысын жеделдету және жаңа мүмкіндіктерін дамыту мақсатында жүйе жаңа технологиялық платформаға көшірілді.

Бүгінде KazRoadLab жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылауды жүйелі жүргізуге, деректерді бір жерде сақтауға және бақылау процесінің ашықтығын арттыруға ықпал етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *