Шымкентте Республика күніне орай белсенді жастар марапатталды

Шымкент қаласында 25 қазан – Республика күніне орай «Республика күні – елдігіміздің бастауы» атты мерекелік іс-шара өтті. Шараны қалалық Жастар саясаты басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды.

Мерекелік кештің мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және елге деген құрметті арттыру. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, орталық басшысы Жансерік Бауыржанұлы Жұманның құттықтау сөзімен жалғасты.

Кеш барысында білім бәйгелерінде топ жарған, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан және жастар саясатын дамытуға үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды. Олардың қатарында «Таза Қазақстан» акциясына атсалысып, қарттарға көмек көрсетіп жүрген жастар да бар.

Мерекелік бағдарламада Қуаныш Әбжапбар «Қазақстаным» әнін орындаса, Қарлығаш Тилен «Аққу» биін биледі. Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің әскери оркестрі музыкалық попурри ұсынып, Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы жасақ қызметкерлері жауынгерлік тәсілдер бойынша көрсетілім жасады. Кеш соңында Нұрасыл Мақылбек «Атамекен» әнін орындады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастардың шығармашылығын қолдау, ұлттық өнерді насихаттау және қоғамдық белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

«Мекемеміздің ұйымдастыруымен бірнеше шара өтті. Құтқарушылар күніне орай әскери оркестрлер арасында байқау ұйымдастырдық. Сондай-ақ жас өнерпаздардың өнерін дәріптеуге арналған іс-шара өткіздік. Бүгін қаламызда жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген белсенді жастарды марапаттап жатырмыз», – деді «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Жансерік Жұман.

Марапат иелерінің бірі – Шымкент жастар театрының әртісі Шырынхан Зеберхан. Ол жастармен бірлесіп, түрлі қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға атсалысып келеді.

«Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, жастар саясатына үлес қосып жүрміз. Республика күніне орай марапатқа ие болғанымызға қуаныштымыз. Көрсетілген құрмет үшін алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз», – деді Шырынхан Зеберхан.

Ал домбыра үйірмесінің жетекшісі Акрам Ересметов жастар арасында ұлттық өнерді дәріптеп жүр. Ол құрбы-құрдастарына домбыра тартуды тегін үйретеді. Айтуынша, үйірмеге оқушылар мен студенттер қатысып, ұлттық аспапқа қызығушылық танытқандардың қатары артып келеді.

«Үйірмемізге студенттер де, оқушылар да келеді. Жастардың домбыраға деген қызығушылығы өте жоғары. Ұлттық өнерге ықыласы ерекше болғандықтан, олардың қатары күн санап артып келеді», – деді Акрам Ересметов.

Мерекелік кеш елдік пен бірлікті ұлықтап қана қоймай, жастардың қоғамдық белсенділігін, шығармашылық қабілетін және ұлттық құндылықтарға деген құрметін көрсетті. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *