Бүкіл әлемді алаңдатқан COVID – 19 инфекциясы Шымкентте алғаш рет Абай ауданының аумағынан шықты. Күні бүгінге дейін, қауіптің беті бері қараған жоқ. Үш айдың ішінде аталмыш ауданда 129 індет ошағы анықталыпты. Баспасөз отырысын өткізген Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов босаңсуға әлі ерте дейді.
Шымкент қаласы бойынша алғаш рет қауіпті кесел Абай ауданы аумағындағы Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын үй алабынан тіркелді. Елдімекен 14 күнге карантинге жабылып, оның артынша Самал ықшамауданынан да жайсыз жаңалық естілді. Дереу іске кіріскен жауапты мекемелер қауіпті аймақтарды яғни, 40 көше мен 716 үйге заласыздандыру жұмыстарын жүргізген. Мұнымен қоса аудандағы 34 елдімекеннің 1025 көшесі де дезинфекцияланып дерттің дендеуіне тосқауыл қойылған. Әлі де Абайда 15 ошақ карантинге жабылып тұр.
Шектеу шараларына шекесінен қараған 450 азаматтың үстінен хаттама толтырылып, 2 миллион теңгеге жуық айыппұл салыныпты. Бүгінде оның 45 пайызға жуығы өндіріліп, 150- ісі сотта жеткен екен. Тәртіпке бағынбағандардың басым көпшілігі сауда нысандарының қожайындары көрінеді. Соңғы кезде құзырлы орындардан, үй жағдайында жиын өткізуге рұқсат сұрайтындардың қатары көбейген. Бүгінгі баспасөз отырысында Бүхарбай Парманов тиым салынған уақытта той, жиын, мерекелік кештер өткізуге болмайтындығын тағы бір мәрте қатаң ескертті.