Шымкенттегі бірқатар шалғай мөлтекаудандарға табиғи газ құбырлары тартылып жатыр. Қазір қаладағы Бозарық ықшамауданында АГРС-3 газ реттегіш статциясы орнатылуда. Бұл мақсатта бюджеттен 9 млрд. 136 млн. теңге қаралған. Бүгінде сағатына 100 000 куб және 80 000 куб табиғи отын өндіретін құбырлар құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстарына жауапты «StroyGazCompany» ЖШСі. Газ құбырының жалпы ұзындығы 59,074 км құрайды. Оның 39 км-і Шымкент қаласының аумағымен өтсе, қалған 19,75 км Ордабасы және Сайрам аудандардың аумақтарының еншісінде.
Бүгінгі таңда, жұмыстар 60%-ға орындалды. Нысанның қосылу көзі «Бейнеу-Шымкент» магистралдық газ құбыры болып табылады. Мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылы қазан айында аяқтап, пайдалануға тапсыруды жоспарлап отыр. Қазір мұнда 265 адам тұрақты еңбек етіп жатыр.
Бүгінде Шымкент халқының 92 пайызына көгілдір отын қолжетімді. Құрылыс жұмыстары аяқталса Бозарық, Ынтымақ, Асар, Достық, Қайнар бұлақ, Азат, Тассай елдімекендері табиғи газбен қамтылады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, осы аумақтағы өндірістік мекемелер мен кәсіпорындарға да табиғи отын қол жетімді болуы ықтимал. Қазіргі таңда сметалық құжаттары дайындалу үстінде.