Елімізде төтенше жағдай және карантин режимі енгізілгеннен бері Шымкент қаласында 433 құқық бұзушылық дерегі орын алған. Оның ішінде 294 жайтты мобильді топ өкілдері анықтаған. Бұл мәліметтер Шымкент қалалық полиция департаментінде өткен брифингте айтылды.
Арнайы басқосуды қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал – майоры Ералы Жұмаханбетовтің өзі өткізіп, бірқатар жайларды мәлімдеді. Бас полицейдің айтуынша жоғарыда орын алған заңсыздықтардың дені кейбір азаматтардың санитарлық- эпидемиологиялық талаптарды сақтамауы мен гигиеналық нормативтерді бұзу әсерінен орын алған. Сонымен қатар қатаң карантин шараларының енгізілгеніне қарамастан, кейбір мекеме иелерінің бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын ескермей, бұрынғы қалыпты кестемен жұмыс жасағандары анықталды. Тексеру кезінде түзілген барлық хаттамалар Шымкент қаласы аумақтық тауарла мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданған. Карантин талаптарын сақтамаған тұлғаларға Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті бабы бойынша 238 хаттама толтырылып, бүгінге дейін 13 миллион 85 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
Ералы Жұмаханбетов – Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы
Әрине айыппұл салу мәселені түбегейлі шешпейді. Алайда, індеттің таралу қаупі әлі де сейілмей тұр. Сондықтан баршамыз түсіністік танытып әрі карантин талаптарын қатаң сақтай отырып, онымен бірге күресуіміз керек, деді бас полицей.