Қаламыздың бас санитар-дәрігерінің қаулысына сәйкес карантин талаптарына жеңілдетулер енгізілді. Осы негізде, бірқатар кәсіп нысандары бүгіннен бастап өз жұмысын қайта жандандыруда. Дегенмен, жауаптылар той жиындары мен еске алу рәсімдерін өткізуге қатаң тыйым салынатындығын баса ескертті.
Жаңа қаулыға сәйкес химиялық тазалау, кір жуу орындары, кілем тазалайтын объектілер, техниканы, киім, аяқ киім жөндеу шеберханалары, ателье, гүл, өсімдік тыңайтқыштарын, бақша құрал-саймандарын, құрылыс заттарын және құралдарын, радиотауарларын сататын дүкендер қайта жұмысын бастады. Сондай-ақ, киім және аяқ-киім, дүңгіршектер, металл қабылдайтын орындар, мақта түту цехтары, ұялы байланыс кеңселері мен бизнес-орталықтар, адвокат, нотариус, бухгалтер және консалтинг көрсетілетін қызметтері, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері іске қосылды.
Аталған кәсіп нысандарының жұмыс уақыты дүйсенбі-жұма күндері таңғы сағат 9:00-ден 18:00-ге дейінгі аралықты қамтымақ. Ал, автожуу орындары кешкі 9-ға дейін жұмыс істейді. Кәсібін бастағандар карантин талаптарын да қатаң сақтауға міндетті.