Шымкент қаласында құрылыс қарқыны қуат алғанда, Әл-Фараби ауданы ауқымды істерімен көзге ілікті. Мәселен ағымдағы жылы ауданға тиесілі 6 көшеге аяқжол салынып, көшелер абаттандырылған. Әлеуметтік көмекті де көрсетіп, тұрғындардың алғысын арқалапты. Яғни «Біз біргеміз» акциясы арқылы 5 мың отбасына 50 мың теңгеден карантинде жәрдем ақы үлестіріліпті. Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов мәлімдеді.
7 айда атқарылған тірлікті жіпке тізіп, ауқымды істің арқарылғанын айтып, ағынан жарылған Ғабит Патшаханұлы жағымды жаңалық көп — дейді. Яғни ағымдағы жылы 6 көшеге жалпы ұзындығы 2 мың 850 метр аяқжол төселген. Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үй аулалары мен ішкі орамдық жолдардың бойына аяқжолдар орнату үшін зерделеу жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде 48 көшенің бойына 30 шақырым аяқжол салу қажеттілігі анықталып, тиісті басқармаға ұсыныс та жолдап қойғанын айтады.
Сондай-ақ, аудан аумағында орналасқан 672-і көп қабатты тұрғын үй 400 аулаға біріктірілген. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында 100 көп қабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары орындалған. Бүгінде 83 көп қабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру мен балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімінің айтуынша, тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін құркүйек айына дейін біршама ауқымды істің жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілмек.