Президентіміз Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялап, көпшілігіміздің көкейімізде жүрген мәселелердің түйінін тарқатты. Мен өзім білім саласының қызметкері болғандықтан, осы бағытта айтылған Мемлекет басшысының әрбір сөзі ұстаздық міндетіме деген ерік-жігерімді серпілтіп, сүйспеншілігімді арттырды. Осы салада қажырлы еңбек етіп жүрген әріптестерімнің көкейіндегі сан сауалдың да жауабын тауып берді. Яғни, қашықтан оқыту барысында мұғалімнің барлық еңбегі еленіп, еңбегіне қосымша ақы төленетінін айтты.
Ал, 2021 жылдан бастап жалақы 25 пайызға көтерілетініне тоқталды. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта бермек. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінетінін де Президентіміз тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Қасымжомарт Кемелұлы қашықтан білім беру жүйесін жетілдіруді тапсырды.
«Коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде. Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні уатсаптан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет. Дегенмен, сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсілін әзірлеген жөн. Бұл әсіресе, мектеп үшін маңызды. Күнделікті мәселелерді шешумен қатар балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да, сапалы білім алуы қажет»- деді Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысының сөздерімен толық келісемін. Бірақ, білім алу платформасын таңдау — әр оқушының, ата-ананың өз еркінде екені, ал бірыңғай платформа құрылса, қашықтан оқыту жүйесінің сапасы арта түсетіні талассыз шындық. Білім беру саласына ұдайы қолдау көрсетіп отырған мемлекет басшысына әріптестерімнің атынан алғыс айта отырып, ұстаздарға артылған сенім мен жауапкершілікті ақтаймыз дегім келеді.
Арман Орынбеков, Шымкент қ. А.Құнанбаев атындағы “Дарынды балаларға арналған мамандандырылған N90 мектеп-гимназиясының” директоры