БИЛІККЕ БЕЛСЕНДІ КӨШБАСШЫЛАР БАРА ЖАТЫР

Тарихқа жүгінсек, қазақта ел басқару жүйесі ежелден қалыптасқаны айқын. Бұл дәстүр әр кезеңде  мән-мазмұны жағынан жетілдіріліп, байытылып отырған. Қаймана қазақ кезінде ханды да, би-болысты да өзі сайлап алған. Таққа отырғызған ханының алдында «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп қасқая тұрып сөз алған. Ел мен жер тағдырын шешкен. Осылайша сайын сахарада дала демократиясы дүбірлеп, әділеттің ақ туы желбіреген. Бұл жайында Тәуелсіз Қазақстанның ТұңғышПрезиденті, Елбасы Н.Назарбаев «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы»,әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» еді қазақ елінің қайнар бұлағы» деп баға бергені баршаға аян.

«Жеті Жарғы» демекші, «Nur Оtаn» партиясының халық қалаулыларын сайлау алдындағы  іріктеу тәжірибесі Тәуке ханның хандық  құрған (ХҮІІ ғасырдың аяғы мен ХҮІІІ ғасырдың басы)  кезеңінде де болған ба дерсің. «Жеті Жарғы» заңдар жинағындағыережелерге қарағанда  қазақтың тайпа және ру басылары жылына бір рет жиналуға міндеттелген. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деп ел аузында сақталған басқосуда қаралған мәселелер дауыс беру арқылы шешіліп отырған. Түрлі ұсыныстар ортаға салынып, іріктеу нәтижесінде  аймақтардың би-болыстары сайланған. Бүгінгі саяси сахнада көрініс тапқан  праймеризіміздің  үлгісі сол бір заманда да  болған ба екен деп түйесің.

Жалпы «праймериз» ағылшынша «алдын-ала, бастапқы сайлау» деген ұғымды білдіреді екен. Сайлау алдында өткізілетін мұндай іріктеу сынағы  АҚШ-та, Батыс Еуропаның бірқатар елдерінде бұрыннан тәжірибеде қолданысқа ие. «Nur Оtan» партиясы қолға алған еліміздегі тың жоба халық қалаулыларын жаңаша тұрпатта іріктеп, електен өткізуде үлкен нәтиже береді деп ойлаймыз.

Партия төрағасы Н.Назарбаев  бүгінгі таңда билік тармақтарының басында ел сеніміне ие болған нағыз көшбасшы азаматтардың отырғанын қалайтынын жиі айтып келеді. Яғни, праймериз Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне,барлық деңгейдегі  мәслихаттарға,  мемлекеттік органдарға ел мүддесін ең әуелгі кезекке қойған,  қоғамның дамуына белсенді үлес қосуға дайын, жан-жақты зерделі, батыл да өткір, іскер,  халықшыл, елжанды  азаматтардың жолдама алуына мүмкіндік беретін қатал сынақ.

Елімізде тап қазір жер-жерде  қызу өтіп жатқан праймериз додалары көпшілік үшін таңсық көрінеді. «Әй, бұл да «сол баяғы-баяғы, бай-қожаның таяғы» ғой, тағы да  Мәжіліс пен мәслихат жиналыстарында қалғып-мүлгіп отыратын ,жеке мүддесін ойлап,жоғары билік не айтса да бас шұлғудан танбайтын болашақ «мақұлбай» депутаттарға дауыс береміз де» деп тың жобаға  күдікпен қараушылар да арамызда бары сөзсіз. Жоқ, олай емес. Сайлауға праймериз талаптарына сай іріктеуден сүрінбей өткен, әлгінде айтқан қабілет пен қасиеттер  өн бойынан табылатын нағыз жүйріктің жүйрігі ғана жете алады.

Иә, бүгінде біз баяғыдай «қалғып-мүлгіген» емес, «ұйқыдан» оянған, талап-талғамы тегеурінді, ой-санасы сілкініске бет түзеген қоғамда өмір сүріп келеміз. Ел мүддесі самарқаулық пен енжарлықты көтермейді. Депутаттарымыз үшін шын мәнінде бұқара мен биліктің  арасында дәнекер бола отырып, халықтың мұң-мұқтажын  белсенділікпен мейлінше тез шешуге  атсалысатын кезкелді. Халық арасынан іріктеліп, сараптан өткен азаматтар ғана  проблемаларды шешуге қабілетті. Демек, іскер де белсенді, ұйымдастырушы һәм зерделі, билікпен тіл табысып,  тірлік тындыра білетін, батыл да өткір азаматтар праймериз іріктеуінде  сенім сүзгісінен сүрінбей  өтіп жатса, ол баршамызға абырой.

Иә, қарап тұрсақ, бүгінгі таңда қоғамның айтары көп. Бұрынғы заман артта қалды. Ел-жұртымыз жаңарды. Ендігі кезекте жаңа жағдай жаңаша өмір сүруді талап етеді. Сананы сілкінтетін, ойды оздыратын уақыт келді. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев  «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды міндет етіп қойды. Ол үшін  «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» құруымыз қажет» деді. Бүгінгідей әлемді жайлаған  пандемия  індеті жағдайында халықтың әлеуметтік ахуалын төмендетпей, ел экономикасының деңгейін қалыпты ұстап, тұрғындар әлеуетін тұрақтандыру үшін мүмкіндіктер жеткілікті екенін де  атап өтті. Жалпы,  ел басына күн туған осындай ауыр кезеңде  бұл ауқымды  міндеттерді жүзеге асыруға патриот ретінде баршамыз атсалысуымыз қажет деп білемін.

Осы орайда бүгінгі праймериздің  үгіт науқаны кезінде сайлауалды бағдарламаларын жария еткенде  сан қырлы саладағы проблемаларға  жалпылама әрі негізсіз сын айтып, сырғытпа уәделерді тізе бергенше, ел экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсартатын, рухани ой-санасын жаңғыртатын өзекті мәселелерге мән берсе екен деген тұжырымым да бар.

Әуелі экономика саласынан сөз бастайық. Сарапшылардың таразылауына қарағанда, халықтың жартысынан  астамы   өз кәсібімен айналысып, өз отбасын өзі асырайтын жағдайға жеткенде ғана экономика тұрақты деп есептеледі. Ал, қазіргі таңда еліміздегі  орта және шағын бизнестің өндіретін өнімі жалпы  өнімнің 32 пайызын  ғана құрайды. Әрине, бізде кәсіпкерлік бизнесті қолдауға мемлекет тарапынан  көптеген бағдар-бағдарламалар бағытталғанын құптаймыз. Осыған қоса кәсіпорындардың толық іске қосылып, өнімін өндіріп,  нарыққа шығарғанға дейін оларды тиісті салықтардан және несиенің пайызын төлеуден босату мүмкіндіктерін қарастырған дұрыс болар еді. Бөлінетін несиелердің пайыздық мөлшері  мен оны қайтару  мерзімі арнайы ережелермен реттеліп отырылса жөн.

Сондай-ақ, мелекеттік бағдарламаларды бюджет есебінен қаржыландырудан бас тартып, тек инвесторлардың күшімен жүзеге асыру тетігі қарастырылса тиімді болар ма еді. Мемлекеттің аграрлық секторды  қаржылай қолдау көлемін арттыру керек. Қазіргідей несиелендірудің, субсидиялаудың бағдарламаларын, құжаттары мен талаптарын оңтайландыру қажеттілігі туындады.

Елімізде жұмыссыздық жаппай  қанат жайып барады. Бұл проблеманы қоғамға жабысқан бітеу жара десе де болар. Өз басым Қазақстанда жұмыс жоқ дегенге сенбеймін. Екі қолға бір күрек қай жерде де табылады. Бірақ,  мың-мыңдаған қазақ жастары Оңтүстік Кореяға, Еуропа елдеріне, тіпті мұхит асып сонау Америкаға нәпақа іздеп кетіп жатыр? Сол үшін біз жастарымызды жергілікті жерде жұмыспен қамтиық. Жұмыс тауып берейік. Олар еңбек етсін. Елді көркейтсін. Өз күнін өзі көріп, отбасын асырасын, байлыққа кенелсін. Бұл мақсатта еңбек нарығында  тиімді жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді саясатты жүзеге асыруымыз керек-ақ. Ол үшін жұмыс күшіне деген қажеттілікті қанағаттандырайық. Жаңа жұмыс орындары ашылса, кәсіпкерлік қызметтер мен өзін-өзі жұмыспен қамту қолдау шаралары жүзеге асып жатса, жастарымыз жұмысты жандыра істемей ме… Кәсіби білім, жастар мен жұмыссыз азаматтарды  қайта оқыту сапасын арттыруға көңіл бөлмесе болмайды. Кадрларды даярлау жүйесін өндіріс орындарының сұранысымен сәйкестендіруді дұрыс жолға қойған абзал.

Жұмыссыздық дегеннен шығады, жастарымыздың селтеңдеп бос жүруіне бір жағынан өзіміз де кінәліміз, құрметті ата-ана. Шыны керек, ұл-қыздарымыздың бойында бойкүйездік пен масылдық  басым болып бара жатқан жоқ па?  Қос-қос дипломымен  «ыңғайлы жұмыс» таба алмай жүрген білімді жастарымызды көргенде  қарның ашады. Әлі күнге дейін «есейіп кетсем де, мен сағеан сәбимін» деп, ата-анасының зейнетақысы мен жәрдемақысына жармасып, «көктен түсетін» ақшаны көксейтін көкжалқау жастарымыз қаншама. Бұл түптеп келгенде, барып тұрған масылдық. Ал, масылдық – ұлт қасіреті.

Сондықтан, «Адамның бір қызығы  бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деп хәкім Абай айтқандай, тәлім мен тәрбиенің, білім мен ғылымның бақытты ел болашағының негізін  қалаудағы орны  ерекше. Дегенмен,  басқаны былай қойғанда, білім саласында күрмеуі шешілмеген түйінді мәселелер жетіп жатыр. Соның өзектісі –жоғары оқу орындарында мұғалім мамандығына қойылатын талапты  күшейтпесе болмайды. Ұстаздардың еңбекақысы жылма-жыл еселеп көбейіп келеді. Алайда, олардың кәсіби біліктілігі, білім беру сапасы көңілдегідей емес.

Сондай-ақ, апат жағдайындағы және үш ауысымды мектептердің мәселесі де кезек күттірмейді. Мысалы, мегаполис қаламыз  Шымкентте демографиялық өсімнің көрсеткіші жылдам артуына байланысты жаңа мектептер мен қосымша құрылыс салу  қажеттілігі туындап отыр. Әл Фараби ауданында студенттер жатақханаға зәру. Кемі  3595 тұрғын орынға мұқтаж. Жергілікті билік жатақхана салып беруге ынталы кәсіпкерлерге қолдау білдіріп жатса құба-құп дейміз.

Қай заманда,қай қоғамда болсын,жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән берілген.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан:іс-қимыл кезеңі» Жолдауындаұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деді», — деп керемет өсиетті  сөзін мысалға  келтірді. Мұнан әрі «ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн», «Жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет» деп міндеттеді. Бұл дегеніңіз бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі ең өзекті бағыттар емес пе.Осы тұрғыда және мұнан тыс айтарым,балалар мен жастардың бойына мейірімділік,қамқорлық, адалдық, ізеттілік және ізгілік,отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру әр отбасының парызы.Жеткіншектердің жан дүниесінде рухани адамгершілік сана- сезімді, мінез- құлықты жалықпай  қалыптастыра білуіміз қажет. Айталық, қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері кез келген ұлтқа үлгі бола алатын құндылықтарымыз ғой.  Ата-бабаларымыз өскелең ұрпағын қасиетті дәстүрлерімен, өнегелік әдет-ғұрыптарымен, ырым-тыйымдарымен тәрбиелей білген. Алайда, бүгінгі жаңа ғасырдың жастары мұны біле ме? Гәп осында.  Атасын «аташка», әжесін «әжешка», биеден туған төлді  «аттың баласы» дейтін ұрпақ өсіп келеді. Бұл өте қорқынышты! Тілі мен ділінен, салт-дәстүрінен айырылған халық құрдымға кетеді. Сондықтан да біз жас ұрпақты ұлттық дәстүрлер негізінде тәрбиелеп, рухани мәдениетін қалыптастырмасақ, әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерімізге  сүйене отырып, ұлттық ерекшеліктерімізге сәйкес рухани-адамгершілік құндылықтарды бойына бүгіннен сіңірмесек болмайды, ағайын.

Праймериз іріктеуіне қатысушылар сенім үдесінен көріне қалған жағдайда  биліктің заң шығарушы  тармағы бойынша сауатты болуы керектігін ұғына білгені дұрыс. Сондықтан да, заман ағымына, сан-саламызда қалыптасқан ахуалға сай тиісті заңнамаға өзгерістер енгізіп тұруға қабілетті  болғанның артықтығы жоқ. Осы орайда ұсыныс айтайын, бүгінгі таңда «Қазақстан  Республикасындағы азаматтық қызмет немесе азаматтық қызметшілер туралы» Заңын қабылдау қажеттілігі туындап отыр. Мұның себебі де бар. Мысалы,  білім беру және денсаулық сақтау саласындағы  азаматтық қызметшілердің әлеуметтік жағдайлары  заңнама тұрғысынан оңтайлы  қорғалып келеді. Ал, мәдениет, спорт, журналистика, өнер сияқты  салалар бұл ретте елеусіз қалып, жеңілдіктер мен көтермелеу құқықтарына қол жеткізе алмай отыр.

Сондай-ақ, қабылданған заңдар мен оған тәуелді актілердің мемлекеттік және орыс тілдерінде қабылданып, қолданысқа енгізілуі ондағы терминдердің, сөйлемдер мен сөз тіркестерінің мән-мағыналарында елеулі  алшақтықтар мен сәйкессіздіктердің орын алатынын айғақтап берді. Соның салдарынан олардың нормаларын қолданған кезде небір қиыншылық туғызып, шатасуға  әкеп соқтыруда. Халық қалаулылары заңнамаларды қабылдау барысында  аудармасының сапасына айырықша көңіл бөлсе деген ұсыныс білдіреміз.

Әрине, бір мақалада қоғамдағы қордаланып қалған проблеманың бәрін тізбектеп шығуды мақсат тұтқанымыз жоқ. Ал, айтар мәселе аз емес. Болашақ депутаттықтан үміткерлер бұл жайында  бағдарламаларымен таныстыру барысында елге кең көлемде жеткізіп те жүр. Өмірдің өзі ұсынған мұндай елдік, өзекті мәселелерді зерделеп, зерттеп, одан соң оң нәтиже шығару,әрине,  болашақтың ісі.

 

 Берік БЕКЖАНОВ,

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары

«Шымкент қаласының кәсіподақтар

орталығы» аумақтықкәсіподақтар

бірлестігінің төрағасы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *