Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Nur Otan партиясында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Осы бағыттағы жұмыстардың аясында елімізде тұңғыш рет праймериз форматындағы ішкі іріктеу басталды. Ол туралы партияның төрағасы Н.Назарбаев «Бүкіл еліміз бойынша ауқымды праймериз өткізу биліктегі партияның «қайта жаңғыруының» нәтижесі болады», – деген болатын.
Бұл орайда Nur Otan партиясы, өзінің қатарын шынайы халықшыл, отаншыл, елге жаны ашитын азаматтармен толықтыруға және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпіліс әкелетін жаңа көзқарасты саясаткерлердің пайда болуына толық мүмкіндік туғызып отыр.
Жер жаһанды жайлаған індет барлық мемлекеттердің қоғамдық-саяси өміріне күтпеген өзгерістер алып келді. Еліміздегі басқа партиялар мен қоғамдық институттарға қарағанда Nur Otan партиясы халықтың әлеуметтік хал-жағдайын қолдауда ұтымды бастамалар ұсынғанын айта кеткен жөн. Елдің ертеңі, халықтың болашағы жолында Nur Otan партиясы праймеризді онлайн өткізуді уақтылы ойластырып, іріктеудің әділ өтуіне жағдай жасау мақсатында заман талабына сай соңғы технологияларға үміт артып отыр.
Ия, расында да бұған дейін мұндай партиялық іріктеу елімізде болмаған. Бұл жаңалықтан соң халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылып жүрген ашық таңдаудың бұл тәсілі оның жұмысына тың серпін береді деген сенім пайда болды.
Қарапайым тілмен айтқанда, праймериз – бұл партияның өңірлерде өткізетін ішкі сайлауы деуге болады. Мақсаты – Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған азаматтарды анықтау, яғни партияның нағыз халыққа жанашыр, белсенді мүшелері мен көшбасшыларын айқындау.
Өзекті мәселелердің түйінін тар¬қатып, халықтың жағдайына шын жанашырлық танытып, оның тұрмыс деңгейінің жақсы болуына үлес қосқысы келетін азаматтарды халық қашан да қолдайды. Қазіргі таңда БАҚ пен әлеуметтік желілердегі ақпараттарға қарағанда праймеризге қатысып жатқан азаматтардың саны өте көп. Осындай сәтте «Бізге қандай депутат қажет?» — деген заңды сұрақ туындайды.
Әрине, қазіргідей еліміз экономикалық дағдарыспен бетпе-бет келіп тұрған шақта депутаттық мандатқа білімі мен біліктілігі қатар жетілген, заманауи технологиялар мен нарық саласын жетік меңгерген жаңашыл депутаттар қажет.
Осы ой мазалап, мен Шымкент қалалық мәслихатына депутаттыққа үміткер азаматтардың тізіміне шолу жасап, бағдарламаларымен танысып көрдім, арасында елге танымал, қазір де депутат болып отырған бірқатар азаматтардың бар екенін де байқадым. Алайда, осы азаматтардың бұған дейін де бірнеше рет сайлауға түсіп, депутаттыққа өткендерінің сайлау кезінде берген уәделерін қаншалықты орындап отырғанына халық куә және тиісті бағасын да беріп жүр.
Сонымен қатар, тізімде халық арасында әлі де аса танымал бола қоймаған, бірақ өзі жүрген ортада, қызметтес әріптестері мен серіктестерінің алдында адамгершілік қасиеттерінің, іскерлігінің арқасында жоғары беделге ие азаматтардың да баршылық екеніне назар аудардым.
Бұл жерде менің айтпағым – дұрыс таңдау жасап, болашақ депутаттарға нағыз халық қалаулысы екенін іс жүзінде көрсетіп, өмірімізге жаңа леп әкелетін, сөздің емес, нақты істің адамы екенін дәлелдеуге мүмкіндік беру.
Мен осы додаға түсіп отырған азаматтардың арасынан Шымкент қалалық Мәслихатына депутаттыққа Қаратау ауданынан бақ сынап жатқан кандитат Серкебаев Есенбек Салдарбекұлына дауыс беруге шақырар едім. Өйткені, Е.С.Серкебаев осы уақытқа дейінгі еңбек жолында Жоғарғы оқу орнында ұстаздық етіп, бірнеше оқулық пен 30-ға жуық ғылыми еңбектер жазған, кейінгі жылдары құрылыс, өндіріс және медицина салаларында басшылық қызметтер атқара отырып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе білген заманауи менеджер деуге толықтай негіз бар. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасында қазіргі қоғамдағы өте маңызды мәселелер нақты көрсетілген.
Бағдарламаның 1-ші тармағы «Адамның денсаулығы мен бақуатты өмір сүруі» деп аталған. Онда індетпен күресті күшейту, ауруханаларды медициналық оттегі және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медицинаға бөлінетін қаражаттардың мақсатты жұмсалуын қадағалау және талан-таражға түсуіне жол бермеу, дәрігерлердің мәртебесі мен әлеуетін көтеру, сонымен қатар, ана денсаулығына мән беру мәселелеріне назар аударылған.
«Білім – өркениет жетегі» деп аталған 2-ші тармақта аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды интернетпен және компьютермен тегін қамтамасыз ету арқылы онлайн оқытуға жағдай жасау, ұстаздарды қоғамдық жұмыс пен қағаз бастылықтан босату, орта арнаулы және жоғары оқу орнын бітірушілерді жұмыс орнымен қамтамасыз ету, студенттерге жол жүру билетін (проездной) қалпына келтіру, бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен тегін қамтамасыз ету мәселелеріне көңіл бөлінген.
3-ші тармақ «Шымкент – тұрмысқа ыңғайлы қала» деп аталады және онда шалғайдағы тұрғын үй алаптары мен мөлтек аудандарды сапалы жолмен, қоғамдық көлікпен және интернетпен қамтамасыз ету, жол тораптарын кеңейту мен айналма жолдар салу арқылы кептеліс санын азайту, экология талаптарын сақтау арқылы таза және мәдениетті қалаға айналдыру, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тұрмысына ыңғайлы жағдай жасау; азық-түлік бағасын қадағалау, шағын және орта бизнесті дамыту, жоспарлы тексерулерді алып тастау және әкімшілік кедергілерді азайту, отандық өнімдерге қолдау көрсету туралы өзекті тақырыптар қозғалған.
Ал, «Мәдениетім – мерейім» атты 4-ші тармақта қазақ тілінің мәртебесін көтеру және қолдану аясын кеңейту, жас таланттарға, қабілеті ерекше балаларға және спортшыларға қолдау көрсету, мәдени нысандар мен саябақтарды жаңарту, халықтың діни сауаттылығы мен рухани әлеуетін көтеруге көңіл бөлінетіні айтылған. Бағдарламаның жүйелілігі мен онда айтылған мәселелердің өзектілігі жағынан өзге үміткерлер ұсынып отырған бағдарламаларға қарағанда қала тұрғындары үшін ұтымды тұстары өте көп десем қателеспеймін.
Е.С.Серкебаевтың өмірбаянына көз жүгіртер болсақ, ол 1973 жылы Қазығұрт ауданында педагогтардың отбасында туылып, 1990 жылы осы аудандағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепті үздік бітірген.
1996 жылы Шымкен қаласында ҚазХТИ-да «Автоматтандыру инженері» мамандығын алып шыққан, ал 2001 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың күндізгі аспирантурасын бітірген. 1996 — 2005 жылдары ҚазХТИ-да, қазіргі М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да ғылыми қызметкер, аға оқытушы болды.
2005 жылдан бастап 2007 жылға дейін «Қазақтелеком» АҚ-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық Телекомуникациялар Дирекциясының «Ақпаратты технологиялар орталығында» жетекші инженері қызметін атқарған.
Ал, 2007 — 2013 жылдары «TS Engineering Development» ЖШС-ның Бас директоры, 2013 — 2014 жылдары «Компания ЮгПласт» ЖШС-де директордың орынбасары қызметін абыроймен атқарған. Еске сала кетсем, осы «Компания ЮгПласт» ЖШС-гі сол жылдары Қазақстандағы су, кәріз және газға арналған полиэтилен құбырларын шығаратын зауыттар арасында елімізде үздік бестікке енген болатын.
2014 — 2019 жылдары «Амина» клиникасының қаржы директоры, 2019 жылдан бастап қазіргі кезге дейін Шымкент қалалық №2 ауруханасының Бас дәрігерінің әкімшілік-шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып отыр.
Сонымен қатар, Есенбек Салдарбекұлы жұбайы Ләззатпен бірге 3 ұл, 1 қыз тәрбилеп отырған үлгілі отбасының отағасы. Қай заманда, қандай қоғамда болсын отбасындағы бала тәрбиесі аса өзекті мәселелердің бірі екенін жете түсінетін Серкебаевтар отбасында бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда бұл отбасының балаларының барлығы оқу үздіктері, қалалық, облыстық, Республикалық және Халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары. Атап айтар болсам, отбасының үлкені Қайрат Назарбаев Зияткерлік мектебін бітіріп, бүгінгі таңда Қазақ-Британ техникалық университетінің 3-курс студенті. Қызы Амина Саз колледжінде 3-курстың үздік студенті, қалалық, облыстық және республикалық ән байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Қазір Лондон қаласында өтіп жатқан Халықаралық ән байқауына Қазақстанның атынан жалғыз үміткер болып қатысуда. Ұлдары Қайсаржан мен Қарасай Ө.Жолдасбеков атындағы №9 лицей-мектебінің 3-ші және 5-ші сынып оқушылары. Қайсаржан бірнеше рет қалалық және Республикалық математикалық олимпиадалардың жеңімпазы, математика пәнінен Шымкент қаласының құрама командасының капитаны.
Әрине, қандай таңдау жасау әркімнің өз еркінде. Десек те, қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», «көптің баласы» дейтін қасиетті сөздер бар емес пе?! Бүгін сол сөздерді орнымен қолданатын кез туып отыр. Дәл қазіргідей еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласына жаңашыл көзқарастар, тың идеялар аса қажет болып отырған кезеңде дұрыс таңдау жасау өте маңызды. Сондықтан, бүгінгі мақаланың кейіпкері, адами қасиеті мен іскерлігі көпке үлгі-өнеге болуға әбден лайық азамат Есенбек Серкебаевқа дауыс берсек, қателеспейміз дегім келеді.