Шымкентте індеттің екінші толқынына дайындық жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Осыған орай қаладағы «Казмедприбор» мекемесі өкпені жасанды желдететін құрылғы жасап жатыр. Медициналық аппаратты шығаруға Америка және Жапония өкілдері серіктес болуда. Қазір мұнда күніне 20-22 құрылғы жасалады. Алғашқы 100 құрылғы Шымкент қаласына орнатылмақ.
Бүгінде «Казмедприбор» алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі. Қазіргі таңда өндіріс орнында медициналық құрал жабдықтар, медициналық жиһаздар мен медициналық көліктер жабдықталады. Бұдан бөлек, дезинфекциялық заттар, инкубатор және өкпені жасанды тыныстандыратын аппараттарды да шығаруға қауқарлы.
Аталған кәсіпорын 2005 жылы құрылған. Тынымсыз еңбектің арқасында жұмыс қарқыны бәсеңдеген емес. 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Казмедприбор» ЖШС-і 15 мыңнан астам медициналық құрал-жабдық, 120 мыңнан астам медициналық жиһаз бен 742 жедел жәрдем көлігін жабдықтап шығарды. Қазіргі таңда кәсіпорында 150-ден аса қызметкер жұмыс істейді.