Шымкентте «Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени астанасы» жылы аясында «Шымкент – қайырымды қала» балалар шығармашылығына арналған онлайн-фестиваль өз мәресіне жетті. Достастық елдері арасында өткен шараға 6 жастан 15 жасқа дейінгі жалпы саны 500-ге жуық бала қатысты. Оның ішінде ТМД елдерінен 20 бала, Қазақстан Республикасынан – 479 қатысушы үш номинация бойынша өз шығармаларын жолдады.
Балалар шығармашылығына арналған онлайн-фестивальдің барлық қатысушыларына қала әкімінің атынан арнайы дипломдар табысталды.Фестиваль аясында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің өнерлі балалары ерекше белсенділік танытты. Қазақстандық қатысушы жас өнерпаздар да үш номинация бойынша тақырыпты кеңінен аша білді. Атап айтқанда: «Бейнелеу өнері» номинациясында Қызылорда облысынан Зұлқарнай Нұрай, Қостанай облысынан Бейсембаева Риза, Ковалева Ирина, Трефилова Мария достастық елдері тақырыбы мен Шымкент қаласының көрікті жерлерін қылқаламмен әсем түрде бейнелеген. Онлайн оқуға қатысушы өнерлі балалардың сапалы бейнежазбалары әлеуметтік желіде арнайы хэштегтер арқылы жарияланып көрерменнің ыстық ықыласы мен лебізіне бөленді.