ШЫМКЕНТТЕ БАЛА ТУУҒА ҚАТЫСТЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРГЕ СҰРАНЫС АРТТЫ

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, соңғы уақытта баланың тууына байланысты қызметті алу үшін ХҚО-ға келетін азаматтардың саны күрт өскен. Мәселен, биыл қаңтар айында шымкенттіктер бала тууына байланысты қызметтер бойынша 12 мыңнан астам өтініш жолдаса, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш қаңтарда 6 859 құраған еді.

Сонымен қатар қызметтерге SMS арқылы проактивті форматта қол жеткізу қарқыны да күшейген: 2020 жылы — 301 қызмет, 2021 жылы – 1 698 қызмет проактивті түрде ұсынылды.
«Балалы болу — кез-келген отбасының өміріндегі ең қуанышты сәттердің бірі. Балаға күтім жасау, перзентханадан шығару сияқты іс-шаралармен жүргенде, ХҚО-ға баруға уақыт тапшы болады. Осындайда қызметтерді проактивті тәсімен алу – ең қолайлы шешім. Бұл орайда айта кетейік, телефон хабарламасының көмегімен баланың туу туралы куәлігін, тууға байланысты жәрдемақыны және балабақшаға кезекті рәсімдеп қана қоймай, баланы тұрғылықты жеріне тіркей аласыз», — деді Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.
Жалпы, нәрестені проактивті тәсілмен тіркеу қызметі 2017 жылдан бастап іске қосылған және бұл игілікті мобильді азаматтар базасында тіркелген ата-аналар ғана қолдана алады. Бұл қызметті онлайн тәртіпте алу механизмі қарапайым: проактивті қызмет аясында жаңа босанған аналарға құттықтау хабарламасы жолданып, перзентханадан шықпай-ақ, баланың туу туралы куәлігіне тапсырыс, әлеуметтік жәрдемақының тағайындалуына өтініш беріп, балабақша кезегіне тұру ұсынылады. Осылайша мемлекеттік қызметтерді проактивті форматта ХҚО-ға бармай-ақ алуға болады.
Баланың тууы бойынша қызметтерді проактивті форматта алу үшін egov.kz порталындағы жеке кабинетіндегі ұялы телефон нөмірін ЖСН-ге байланыстыру қажет немесе халыққа қызмет көрсету орталығында мобильді азаматтардың деректер базасында тіркелу керек, сонда барлық қызметтерді sms-хабарламасы арқылы ала аласыз. Бұл әдіс азаматтардың уақытын үнемдеп, ХҚО-да кезекті тұру қажеттілігінен босатады.

Анықтама: 2021 жылдың қаңтар айында бала тууын тіркеуге – 2219, бала тууға және оның күтімі бойынша жәрдемақы тағайындауға — 4634, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем тағайындауға 4348 өтініш қабылданды. Ал ХҚО-ға бармай-ақ, проактивті тәсілмен бала тууға және оның күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау бойынша 1698 өтініш келіп түсті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *