Шымкент қаласында көлік жолдарының жалпы ұзындығы 3200 шақырымнан асады. Биыл мегаполисите 311 шақырым жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін аталған жолдардың 270.3 шақырымы, яғни 169 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Сан бар, ал сапа қандай? Биыл қыркүйек айының 20-на дейін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының қызметкерлері 253 — рет жолға шығып, 177 нысанды сараптамадан өткізді. Нәтижесінде 177 нысаннан 300 ақаулар мен кемшіліктер анықтады. Соның ішінде жол құрлысы материалдарынан 992 сынама алынып, оның 470-і талапқа сай емес деп танылды. Бұл жөнінде «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалы тарапынан тиісті мекемелерге хаттама жіберілді. Биыл Ұлттық сапа орталығы стандартқа сай емес деп танылған, жалпы құны 11 млн. 625 мың теңгені құрайтын 3875 ш.м. жолға қайта асфальт төсеуге мұрындық болғанын айтқымыз келеді.
Қазір Шымкент қаласындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 60 пайыз шамасында. Жыл соңына дейін қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 63,6 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.