АБАЙ АУДАНЫНДАҒЫ АУҚЫМДЫ ІСТЕР

Шымкент. Ақпараттық-коммуникациялық орталық. Бұл жолы бар мен жоқты түгендеп, елге есеп беруге Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрлан Тілеш келді. Келді де ауданда  атқарылған жұмыстар жайын баяндады.  Хош!

 Абай ауданының жалпы аумағы 24 мың гектар. Халық саны 257,7 мың адамды құрайды. Аудан аумағында 27 шағын аудандар мен елді мекен орналасқан. Оның ішінде 202 көп қабатты үй, 1 274 көше, 93 әлеуметтік нысан орналасқан.

Баспасөз жиынында аудан аумағындағы ауыз су, электр жарығы,табиғи газ, тұрғын үйлерді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету бойынша атқарылған ауқымды істер сараланды. Атап айтқанда, әлгі   27 елді мекеннің 26-ы сапалы ауыз сумен қамтылған. Электр жарығы бойынша 27 елді мекеннің 25-і электр жарығымен қамтылып, ол 92,5 пайызды құрап отыр. Жоспарға сәйкес 257 мыңнан астам халқы бар аудан жыл соңына дейін ауыз сумен, сапалы электр қуатымен толық қамтылады.

Аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Аудан аумағы бойынша 27 елді мекеннің 20-ы табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалған 7 елді мекен қатты отынды пайдаланады. Осы мақсатта «Көкбұлақ», «Батыс», «Арғымақ», «Ақжар», «Ақтас», «Ақтас-2», «Нұршуақ» елді мекендеріне газ кіргізу жұмыстары басталған. Құрылыстың бірқатары келесі жылға өтпелі. Жә, жарар! Нұрлан Тілеш бүй дейді.

– 2024-2025 жылы жылы 5 елді мекен, атап айтқанда, «Ынтымақ-2» «Қайнарбұлақ» саяжайы, «Бозарық», «Жаңақұрылыс» аумағы, «Тәуелсіздікке 20» жыл табиғи газбен қамтылатын болады. Аудан аумағында су басу және көлдеу қауіпі бар 18 орын анықталған. Аталған су басу орындарына ирригациялық жүйелер салу жұмыстары басталды, 2025 жылға дейін толық бітіп қалады. Абай ауданына әлеуметтік маңызы бар нысандар да қажет. Онда әзірге 18 емдеу мекемесі жұмыс істейді. Олардың 11-і жеке меншік, қалғаны мемлекеттік нысандар. Бұл тұрғындар үшін аздық етуде. 2023-2024 жылдары жеке инвесторлар «Ынтымақ» шағынауданының №14 емдеу орталығы филиалын салып бермекші. Сондай-ақ, «Қайнарбұлақ» саяжайы мен «Қайнарбұлақ» тұрғын алабына да емхана салу жоспарда бар.

Ауданда мектеп тапшылығын жою мақсатында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 білім ғимараты салынады. Биыл 4 мектеп «Нұршуақ», «Жаңатұрлан», «Бозарық» шағынаудандарында бой көтерсе, 2025 жылға дейін заманауи білім ошақтары «Асар -2», «Шымкент Сити», «Достық» елді мекендерінен салынады.

Сонымен қатар ауданның экономикалық әлеуетін көтеретін ірі жоба аудан аумағында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы салынуда.
Аумағы 132,9 гектарды құрайтын индустриялық аймақта тамақ өнеркәсібімен айналысатын, жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.

Біз негізгі сүйекті –сүйекті салаларды сөз еттік. Даму бар. Өсім байқалады. Сөзімізге сандар куә!

Bozyq.kz

2000 символ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *