Жастар – қоғамның негізгі қозғаушы күші. Әлімсақтан солай! Ал, Шымкент жастардың қаласы. Оған дәлел, қала халқының орта есеппен 3/1 жастар құрайды.
Жуырда Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиында атқарылған жұмыстар мен өзекті проблемалар сөз болды. Президент тапсырмасы аясында еліміздің жастарына үлкен қолдау көрсетіп келеді. Осы санатқа кіретін азаматтардың жан-жақты дамуына, білім алуына, кәсіпкерлікпен айналысуына тиісті көмектер көрсетілуде.Тіпті, жеке бизнес ашамын деген жастар үшін жеңілдетілген несие беру тетіктері қолға алынды.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлттық жоба аясында биылдан бастап жастарға жеңілдікпен шағын несие беру қолға алынды. Енді 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Осы бағытта қала бюджетінен 261 жасқа шағын несие беру жоспарда бар. Бұл – кәсіпкерлікпен, тауар өндірумен, сатумен, қызметтер көрсетумен, өнім өндірумен айналысқысы келетін жастарға берілген үлкен қолдау.
–Жас буынды баспанамен қамту шаралары да нәтижесін беруде. Тіпті кезінде білім ала алмай қалған жастарға жан-жақты көмектер көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, жас буынның болашағын құруға барлық мүмкіндіктер қарастырылған, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Кеңестің қорытындысында түрлі саладағы озат жастар арнайы марапатталып, сый-құрметке бөленді. Қала әкімі қоғамның қозғаушы күші – жастарды мегаполистің дамуына атсалысуға, мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалана отырып, жаңаша, тың жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Bozyq.kz
1400 символ