ҚАЗАҚСТАН МЕН ТӘЖІКСТАН– СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕР

Шымкентте Тәжікстан Республикасының мәдениет күндері өтуде.  Кеше шаһардағы  «Көрме» орталығында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және ұлттық өнер көрмесі, ал Қажымұқан атындағы Орталық стадионда ауыл шаруашылығы және ұлттық тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге тәжік кәсіпкерлері 589 тонна ауылшаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерін ала келген екен.  

Бауырлас елден келген делегацияны Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Хакимзода Курбон бастап  келді. Делегация құрамында Носирзода Жабор — Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, Сафарда Бахтиёр — Индустрия жане жаңа технологиялар министрінің орынбасары, Холмация Рустам — Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Туризмді дамыту комитетінің орынбасары бар.

Мәртебелі меймандар  «Шымқала» тарихи — мәдени кешенінде болып, 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласының тарихымен танысты.  Қонақтарға қала әкімі Мұрат Әйтенов жылы лебізін білдіріп, меймандостық танытты. Қонақтарға экскурсияда тарихи және мәдени ескерткіштер, қазақтың қолөнершілер ауылында ұлттық бұйымдар мен тағамдар таныстырылып, гид-экскурсоводтар археологиялық қазба орындардың терең тарихынан хабардар етті.

— Шымкент қаласы өте қонақжай, халқы өте  еңбекқор екен. Бүгінгі көрме-жәрмеңкеде бізді жылы қабылдады. Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнағанына 30 жыл толуына орай өтіп жатқан іс-шара ертең де жалғасын табады. Барша шымкенттіктерді, соның ішінде барша қала қонақтарын  өнерпаздарымыздың концерттік бағдарламасын тамашалауға шақырамыз. Екі елдің достығы нығая берсін, — деді Тәжікстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігінің өкілі Файзиахмад Амонов.

Жалпы, екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік пен қарым-қатынас тұрақты түрде дамып келеді.  Қазақстанның сауда серіктестері арасында Тәжікстан алғашқы ондықта жоқ. Ал, Қазақстан  Тәжікстанның сауда серіктесінің алғашқы үштігіне кіреді.  2023 жылдың 6 айында Қазақстан Тәжікстанға ең көп инвестиция салған. Шамамен  80 млн. АҚШ  долларын құйған.  Екінші орында Қытай, үшінші орында Италия тұр.  Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда айналымы 2 млрд долларға жеткен.

Бүгін  Қазақстандағы Тәжікстан Республикасының мәдени күндері аясында бауырлас елдің өнер және мәдениет жұлдыздарының қатысуымен салтанатты кеш «Түркістан» сарайында өтеді.

Bozyq.kz

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *