Хорватия астанасы Загреб қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы сапында Шымкент қаласының спортшысы Сабина Юлдашбекова күміс медальді жеңіп алды.
Елімізді төрткүл дүниеге танытқан әлем чемпионатының жүлдегері – Сабина Юлдашбекова туған елге оралды. Қайсар қызды Шымкент қаласының жанкүйерлері әуежайдан гүл шоқтарымен қарсы алды. Іс-шараға жеңімпаз спортшының ата-анасы, талантты дзюдошыны тәрбиелеп шығарған Мұқтархан Ділдабеков басқаратын №1 олимпиада мектебінің және басқармаға қарасты спорт мектебінің басшылары,даңқты спортшылар қатысты.
Жасөспірімдер арасында 40 келі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан Сабина Юлдашбекова жартылай финалда француз қызын айқын басымдылықпен ұтып, финалда Словакия елінің дзюдошысына есе жіберді. Қазақстан құрама командасының қоржынына күміс жүлде салған шебер өзінің лайықты балуан екендігін дәлелдеді.
Салтанатты жиын барысында Шымкент қалалық дзюдо федерациясының президенті Ноян Төлегенов, әлем жүлдегерін шығарған №1 олимпиада мектебінің директоры, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұқтархан Ділдәбеков, балуанның бапкері Бекзат Байымбетов жанкүйерлерге алғыстарын білдіріп, жүлдегер қызымыз Сабинаны олимпиада бағдарламасына сай дайындау жөніндегі өз ойларын айтты. Батыр атанған балуан қыздың атасы тілекші болып, келген көпшілік қауымға отбасының атынан алғысын білдірді.