А.ОРМАН: СУДЫ ҮНЕМДІ ПАЙДАЛАНУДЫ ҮЙРЕНУІМІЗ КЕРЕК

Әлемде халық саны 8 миллардқа жетті. Тағы 14 жылда 9 миллиард  болады деген болжам бар. Жұмыр жерді мекендеген адам баласы жарықсыз, газсыз өмір сүруі мүмкін. Ал, ас-сусыз мүмкін емес.  Иә, әсіресе сусыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жасады. Президент суды үнемдеуге шақырды. Оқи отырыңыз.

-Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек. Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз, — деді Мемлекет басшысы.

Иә, Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын қайта қарауы тиіс. Тіршілік нәрін тиімді пайдаланған жөн. Бірақ, қалай?  Жолы қайсы? Біз «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС бас директоры Анарбек Орман мырзаның пікірін білдік.

– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көптеген маңызды мәселелер айтылды. Соның бірі – қазіргі таңда елімізде су ресурстарының жағдайын жақсарту мәселесі. Президент су ресурстарын тиімді пайдалану, орынсыз су шығындарын азайту мәселесіне назар аударып, ол бағытта нақты тапсырмалар берді. Кейінгі жылдары елімізде су тапшылығы байқалып келеді. Біз осы бағытта жүйелі, жоспарлы жұмыс істеуіміз  керек. Су ресурстары және ирригация министрлігін құру өте тиімді шешім болып отыр. Суды үнемді, ұтымды пайдалану үшін инженерлік-инфрақұрылымдар, каналдардың жұмыс істеу қабілеті жақсы болуы керек. Тозығы жеткен құбырларды ретке келтіру қажет.

Мемлекет басшысы ендігі ретте ішкі ресурстарымыздың өзін дұрыс пайдалану бағытында елімізде 20 жаңа бөген салу, 15 тозығы жеткен су қоймасын қайта құру, жаңғырту керектігін айтты. Міне, жаңадан құрылатын су ресурстары министрлігіне осы бағыттарда жұмыс атқару міндеті қойылмақ. Жалпы суды үнемдеу технологиясын қолға алу – уақыт күттірмейтін мәселе, – деді Анарбек Оңғарұлы.

Сондай-ақ, А.Орман әлеуметтік статусы әр түрлі азаматтардың суға бір тарифпен ақы төлеуі дұрыс емес,- дейді.  Суды көп тұтынса жоғары, аз тұтынса төмен бағада ақы төлеуі қажет екенін айтады. Суды үнемдеудің төте жолы осы деп отыр.  Сонымен қатар дамыған елдердің тәжірибелерін енгізу қажеттігін де алға тартты.  Сосын, бұл салада кадр тапшылығы бар екенін «жұқалап»  жеткізді.

Bozyq.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *