Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолдауында, Қазақстанды ІТ державаға айналдыру керектігін айтты. Айтты да Үкіметке осы бағытта жұмыстаныңдар,-деп тапсырма берді. Бұл ойда жоқта туған идея емес, негізі біздің Елдің ІТ салада әжептеуір жетістігі бар . Шетке IT-индустрияның біршама дүниесін экспорттап сатып отырмыз. Цифрлік саудадан биыл, 500 миллион доллар табыс тауыппыз.
Егер елдегі айтидың даму қарқынын дәл бүгінгідей сақтай алсақ, алдағы жылдары бұл саланың айналымы 1 миллиард долларға дейін өсуі әбден мүмкін. Жақсылап тырыссақ, бәлки кіндігіміз байланған «мұнай саласынан» қарағанда, ІТ өнеркәсіптен өкіртіп пайда таба бастауымыз да кәдік. Ол үшін, жастарды ІТ салаға қызықтырып, бағыттауымыз керек.
Жақында ғана Бағдат Мусин, ІТ салада білікті кадрлардың тапшылығы барын айтты. «Болашақта, бұл саланың аппетиті арта беретінін ескерсек, айтишниктеріміздің аз болуы, қазақ үшін жақсы емес. Жастарды қазіргінің қымбат «қызметі» – мұнайшы болумен қатар, код жазуға үйретейік, үйір етейік. Сол кезде, президенттің стратегиясын жүзеге асыру әлдеқайда жылдам қарқынмен жүзеге асырамыз»,-деді министр.
Жалпы, жалақы көлемін алатын болсақ, қазіргі күні айти мамандар металлургтер мен қаржыгерлерге қарағанда әлдеқайда жоғары табыс табады. Қысқасы, IT мамандығын меңгеріп жатқан бағдарламашылардың болашағы жарқын, деп есептеймін.
Нұрбек Бекбау, журналист-блогер, медиа-тренер