Шымкентте халықаралық блог-тур өтті. Туризм саласындағы блогерлердің басын қосудағы басты мақсат – үшінші мегаполистің туристік әлеуетін көпшілікке таныту. Жыл сайын ұйымдастырылатын блог-турдың биыл ауқымы кеңейіп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, былтыр Шымқалаға ТМД мемлекеттерінің өкілдері ғана келсе, биыл бұл қатарға Әзірбайжан, Түркия, Үндістан елдерінің трэвел-блогерлері келген. Олар әуелі қала маңайындағы көне ескерткіштермен танысты. Олардың қатарында көне Сайрам қаласының орыны, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Хызыр ата кесенелері бар. Одан бөлек, туристерге қаладағы ең алғашқы әрі ең үлкен сауда орталығы – Қырғы базар таныстырылды. 300 жылдық тарихы бар базар сауда-саттығы қайнаған Түркия елінің туристеріне ерекше әсер қалдырды.
-Блог-тур керемет өтіп жатыр. Бұл менің Қазақстанға тұңғыш рет келуім. Мұндағы сауда қатары Түркия базарларына қарағанда кең екен. Қала маңындағы тарихи нысандар да ұнады. Біздің елдегі ортағасырлық нысандардан кем түспейді. Енді Астана, Алматы, Түркістан қалаларын көргім келеді,-дейді Түркиялық блогер Үстүн Бинөл Трэвел.
Блог тур 3 күнге созылды. Қонақтарға көне шаһардың орны да таныстырылды. Әрі қазақтың салт-дәстүрін көрсететін сахналық қойылымдар қойылды. Шет елдіктер бауырсақ пен қымыз-қымыранның дәмін татты.
-Біз биыл осындай блог тур 50 адамға жоспарлағанбыз. Келер айда тағы 50 адамға пресс-тур ұйымдастырамыз. Әуе компанияларына келетін адамдар ішінде 20-ы шетелдік болуын міндеттейміз-дейді «Визит-Шымкент» туристік-ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаров.
Ұйымдастырушылар келесі жолы блог-тур аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Олар Біріккен Араб Әмірліктері мен туризм саласы дамыған Еуропа елдерінің саяхатшы-блогерлерін шақырмақ.
Үшінші мегаполисте 100-ден астам жуық туристік нысан бар. 150 қонақ үй жұмыс істейді. Өңірдің туризм саласында 2000-ға жуық адам еңбек етеді. Жалпы, Шымкенттің туристерді өзіне магнитше тартатын 4 артықшылығы бар. Олар: арзан сервис, жайлы ауа-райы, тарихы орындары. Сосын, дәмі тіл үйірер тағамы,- дейді мамандар.
Айта кетейік, өткен жылы Шымкент қаласына 450 мыңға жуық турист келген. Жәй келмеген, қала қазынасына 12 млрд. теңге қаржы тастап кеткен. Туризм саласынан түскен табыс, қала бюджетінің шамамен 1,5 пайызын құраған.