Шымкентте «Біз жұлдыз болып жанамыз!» атты ерекше жандардың шығармашылық кеші өтті. Шараға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма ұйытқы болды. Кеште әуезді ән айтылып, би биленіп қана қоймай, түрлі шараларда топ жарған ерекше жандар марапатталды. Олардың қолынан шыққан дүниелерінің көрмесі көпшіліктің таңданысын тудырды.
Қаламызда ұйымдастырылған «Біз жұлдыз болып жанамыз» іс-шарасы 1 айға созылды. Осы аралықта шахмат, өнер, спорттың бірнеше түрінен жарыстар өткізілді. Онда 250 тарта ерекше қамқорлықты қажет ететін қала тұрғындары белсене қатысты.
Шығармашылық кешті ашып берген қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Айтбекқызы өнерлі балалардың батырлығы пен ерлігіне алғысын білдірді.
– Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға, қоғамдық ұйымдарға басымды иіп алғыс айтқым келеді. Қиындыққа мойымаған Сіздер нағыз батырсыздар. Бүгінгі шара ерекше балалардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, түрлі салада өнерлерін шыңдауға бағытталды. Мұндай игі іс міндетті түрде жалғасын табады, – деді Баян Айтбекқызы.
Жоба алдымен жас шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар көрмесімен бастау алды. Мұнда талантты жастар құрақ көрпе, жастық, сондай-ақ, моншақтан жасалған туындылар мен ағаштан жасалған музыкалық аспаптар сынды әр алуан қолөнер еңбектерін паш етіп, көпшілік көзайымына айналды.
Қолөнер туындылары ұсынылған көрмеден соң, салтанатты жиын ән-би қойылымына ұласты. Шығармашылық кеш барысында, қатысушылар қонақтарға түрлі концерттік нөмірлер ұсынып, өз бойларындағы таланттарын көрсетті. Бірі әуезді әнмен көпшіліктің көңілін жауласа,енді бірі мың бұрала би билеп биімен тамсандырды. Қысқасы, өнерпаздар түрлі жанрда өнерлерін көрсетіп, қалың көрерменді ән мен жырға бөледі. Кеш соңында Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының жастармен жұмыс жүргізу және отбасы құндылықтарын насихаттау бөлімінің басшысы Қадірхан Арысбекұлы барша өнерпаздарды арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Сонымен қатар, жоба аясында өткен үстел теннисі, шахмат турнирі жеңімпаздарына, қолөнер шеберлері мен шығармашылық кештің өнерпаздарына қаржылай сертификаттар мен алғыс хаттар табысталды.