Шымкент қаласында 32 жылдан бері ауласында балалар алаңшасы болмаған көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына балалар алаңшасы салынып, пайдалануға берілуде. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Володарский көшесі №2А тұрғын үйінің ауласына барып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды «Bozyq.kz» ақпарат агенттігі.
Әл-Фараби ауданы аумағындағы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және балалардың салауатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай қарастырылған. Қаланың орталығында орналасқан ауданда 235 мыңға жуық халық тұрады. Аудан аумағында 926 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген, 16 633 жеке үй бар. Аудан әкімдігі берген мәліметтерге сүйенсек, ауданда халық 105 ашық спорт алаңшасының игілігін көріп отыр. Соның 41-і соңғы 3 жылда салынған. Жыл басынан бері 24 балалар ойын алаңшасының жұмыстары тәмамдалып, ел игілігіне пайдалануға беруге дайын.
Қала әкімі мердігер компанияның өкілдеріне тұрғындардың үйінде отырған сәтін ұтымды пайдаланып, құрылысты уақтылы әрі сапалы аяқтауды жүктеді.
Бір қуанарлығы, құрылысқа қажетті заттардың барлығы – отандық.
Су жаңа спорт алаңшасы салынғалы тұрғындардың да көңіл-күйлері көтеріңкі. Мегаполис басшысы жергілікті халықпен жүздесу барысында спорт алаңшаларын күтіп ұстауға кеңес беріп, бұл нысан елдің ортақ игілігі екенін атап өтті. Спорт алаңшалары сапаға сәйкес заманауи үлгіде, балалардың шаттана ойын ойнауына қолайлы етіп жасалған.
1266 символ