Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа халықаралық әуежай терминалының құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта жолаушылар терминалы құрылысының 1-кезеңі аяқталды.
Атап айтқанда, терминал шатырын монтаждау жұмыстарымен бірге сыртқы қасбетін жабдықтау құрылыстары толық жүргізілді. Сонымен қатар, жаңа әуежайға инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары да кестеге сәйкес іске асты. Терминалдың жалпы аумағы 35 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, жобада озық талаптарға сәйкес 4 галерея қарастырылған.
Бүгінгі таңда аэропортта жолаушы өткізу қабілеті сағатына 200 адам болса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін сағатына 2 мың адамға артады.
Әуежай жұмыстарының 2-кезеңі жоба бойынша 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Шымкент әуежайының жаңа терминалының құрылысы 2020 жылдың бірінші жартыжылдығына пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда, сот ісіне және жер учаскесін уақтылы бөлмеуге байланысты бірқатар себептермен құрылыс процесі 4 жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келеді. Шымкент қаласының әкімдігі биыл жобаны аяқтау бойынша барлық қажетті іс-шараны қабылдады. Атап айтқанда, бағалау сараптамасын жүргізіп, жер учаскесін беру рәсімдерін жеделдетті.
Шымкенттегі жаңа халықаралық әуежай терминалының құрылыс жұмыстарымен танысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков терминал құрылысының жұмысын сапалы әрі өз мерзімінде аяқтауды тапсырды.
1275 символ