Шымкентте «Арыстан баб және Ихсан тағылымы» атты Республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті,- деп хабарлайды Bozyq.kz. Республикалық конференцияға еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты. Жиынның мақсаты – дін мен дәстүрімізді насихаттау, жастарды деструктивті діни идеологиялардың ықпалынан сақтау.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы танымдық конференциға қатысып, Ихсан тағылымындағы әрекеттерді талдады. Талдап қана қойған жоқ, кеңінен насихаттады. Сосын, ұстаздардың ұстазы болған Арыстан бабтың қазақ халқының рухани тарихындағы айрықша орнына тоқталып өтті.
– ҚМДБ соңғы жылдары қазақ даласынан шыққан дін қайраткерлері мен ғұламаларының өнегелі өмірін, Ихсан ілімін айрықша насихаттап келеді. Сайып келгенде біздің мақсатымыз – дәстүрімізбен біте қайнасқан дінімізді, әдет-ғұрпымызды дәріптеп, жастарды бабалар салған сара жолмен жүруге үндеу. Конференция жалпы тегімізді білу, тарихымызды жаңғыртуды мақсат етіп отыр. Біздің бабаларымыз асыл дініміздің дамуына өзіндік үлесін қосып кетті. Солардың бірі – Қазақстан мен Орта Азия аумағында Ислам дінінің дамуына ықпал еткен белгілі тарихи тұлға Арыстан баб, – деді Бас мүфти.
Ғылыми-танымдық конференция елімізде алғаш өтіп отыр. Оған жергілікті дін өкілдерінен өзге Астана, Алматы қалаларынан делегаттар қатысты. Конференцияның мақсаты Арыстан баб ғұмыры мен дұрыс сопылы мектеп және дін мен дәстүрді насихаттау. Жиында сондай-ақ, диструктивті діни идеология жайы да сөз болды. Қоғам дертін жою үшін дін қызметкерлері жат ағымның жетегінде кеткендерге оңалту шараларын жүргізеді. Ал дәстүрлі діннен ауытқымас үшін ұлттық құндылықты біліп, оны жаңғырту маңызды дейді дін өкілдері.
Айта өтейік, еліміздің бас мүфтиі ертең жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатысады.