Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев тұрғын үй мәселесі нарықтағы ахауалға байланысты екенін айта келе, тұрғын үй саясатын қарау керегін айтқан болатын. Қазақстанда бірқатар бағдарлама қолға алынды. Үшінші магаполсте жағдай қалай? Үкімет үкілеп қосқан бағдарламалар қалай жүзеге асып жатыр. Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп, Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваны сөзге тарттық.
-Шымкент қаласында жыл сайын 1 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып жатыр. Биыл қанша азамат баспаналы болады?
— 324 арендалық пәтерлермен халықтың әлеуметтік осал топтарын, көп балалы отбасыларды және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін қамту жоспарланған, оның ішінде қазіргі уақытта арендалық тұрғын үймен түрлі санаттағы 278 азамат қамтылған. Бұдан бөлек,
— Жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға арналған 888 пәтер;
-1886 пәтерді кредиттік негізде жыл басында қамту жоспарланып, оның ішінде: қазіргі уақытта 1329 азамат ипотекалық негізде тұрғын үймен қамтамасыз етілген. («5-20-25» бойынша 808 пәтер, «2-10-20 Бақытты отбасы» бойынша 461 пәтер, «Шаңырақ» бойынша 60 пәтер.)
-Жастар — еліміздің ертеңі. Қазіргі таңда жастарды қолдау мақсатында оның ішінде олардың баспанамен қамтылуы үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?
-Жастарды қолдау мақсатында «Жұмыс істеп жүрген жастарға» сатып алу қуқығынсыз арендалық пәтер беру қарастырылған.
Бағдарламаның негізгі талаптары келесіде:
— 35 жасқа толмаған ҚР азаматы;
— Шымкент қаласында кемінде 3 жыл тұрақты тіркеуінің болуы;
— меншігінде тұрғын үйдің тіркелмеуі.
Тұрғын үйлер 3 жыл мерзімге беріледі.
Аталған бағдарлама бойынша қала аумағында 2020 жылы 904 пәтер, 2021 жылы 300 пәтер, 2022 жылы 857 пәтер пайдалануға берілген.
Биылғы жылы 888 жас арендалық баспанамен қамтылу көзделген. Жастар бойынша конкурсқа өтінімдер қабылдау электронды порталы арқылы жүзеге асырылып, өтінімдерді қабылдау, өңдеу, келісім-шартқа тұру жұмыстары толықтай электронды нұсқада жүргізілетін болады. Шымкент қаласы бойынша әзірге жастар бағдарламасы басталған жоқ. Бұл бойынша алдын ала БАҚ-та және әлеуметтік желілер (инстаграмм, фейсбук) арқылы жарияланатын болады.
-«Qamqor» бағдарламасы қолға алынды. 2024 жалғасын таба ма?
-Бұл бағдарлама ең алдымен тұрғын үй кезегіне тұра алмайтын сала мамандарына арналған бағдарлама. Өтінімдер Отбасы банктің жылжымайтын мүлік порталында 15 тамыз — 25 қыркүйек аралығында қабылдануда. «Qamqor» бағдарламасы Шымкенттік мамандардың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі. Оған дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатыса алады.
Тұрғын үйді бастапқы нарықтан немесе қайталама нарықта да үміткерлер өздері тауып сатып ала алады. Қарыздың максималды сомасы 20 млн теңгені құрайды. Кредит бойынша алғашқы жарна- 10%, жылдық мөлшерлеме-5%.
«Qamqor» бағдарламасы аясында несиелеу үшін алғашқы транш 3 млрд теңгені құрайды. Аталған қаражат жергілікті атқарушы орган тарапынан бөлінеді. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде өтінімдерді қабылдау және әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастыруда басты оператор Отбасы Банкі болып табылады. Жеңілдетілген несиелеуге үміткерлерді іріктеден өткізу барысында қатысушылардың некедегі жылдар саны, балалардың болуы, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы әсер етеді. Сондай ақ «Qamqor» бағдарламасына 63 жасқа дейінгі қатысушының және оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы, соңғы 3 жыл ішінде Шымкентте тұрақты тіркеудің болуы тиіс.
—Тұрғын үй сертификатын кімдер ала алады? Қандай талап қойылады?
-Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. 2019 жылы 21 азаматқа, 2020 жылы 101 азаматқа, 2021 жылы 416 отбасыға қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттары табысталған болатын. 2022 жылы 58 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілген.
2023 жылға қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланып, ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап тұрғын үй сертификаттарын алу үшін электронды түрде құжат қабылдау жүргізілуде. Қазіргі таңда, 159 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілді. (оның ішінде: толық емес отбасылар – 15, көп балалы отбасылар – 72, ерекше бала асыраушы отбасылар-69, бюджеттік ұйым және мемлекеттік қызметшілер – 4).
-Шымкент қаласында орналасқан ескірген тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу бойынша қандай жұмыстар қолға алынды?
-Ағымдағы жылы, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 15 көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары және Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының теңгеріміндегі коммуналдық 21 көппәтерлі тұрғын үйлерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылға қала аумағындағы авариялық, тозығы жеткен 6 тұрғын үйді тұрғындар келісімімен бұзып, қайта жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Қазіргі таңда реновациялау жобаларына жеке инвесторлар тарту бойынша «Shymkent ӘКК» АҚ жұмыс жасауда. Аудандық әкімдіктер тұрғынжай меншік иелерінің жеке инвестормен кездесулері ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар биыл Шымкентте 9 көпқабатты тұрғын үйдегі 14 жеделсаты ауыстырылып, жаңа жеделсатылар қайтарымды қаржы негізінде орнатылатын болады. Бұл бойынша қазіргі таңда қаржылық – экономикалық негіздеме қорытындысы күтілуде. Аталған негіздемеге сәйкес, қаржы қаралған соң жеткізуші мердігер мекемемен келісім шарт түзіліп, орнатылу жұмыстары жүргізілмек. Жеткізуші мердігер мекемемен орнатылатын жедел сатылардың келісім шарт бойынша 3 жылдық кепілдік мерзімі қарастырылған.
-Тұрғын үй субсидиясы бойынша не айтар едіңіз?
-Тұрғын үй субсидиясы пәтер жалдап тұратын отбасыларға көрсетілетін ауқымы кең әлеуметтік көмек. Аталған бағдарлама іске қосылғалы бері Шымкент қаласында 2022 -2023 жылдар аралығында қазіргі таңға дейін 1160 отбасының тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленуде.Қазіргі таңда тұрғын үй субсидиясына өтінімдер қабылдау жалғасуда. Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына келесі төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар қатыса алатынын естеріңізге саламыз:
- 1 және 2 топтағы мүгедектер;
- мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
- көп балалы отбасылар.
Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 40 567 теңге) аспауы тиіс. Субсидия алуға үміткер депозиттік шоты болуы қажет. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы шот аша алады. Субсидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн қабылданады.
-Тұрғын үй кезегінде қанша азамат тіркелген? Жалпы тұрғын үй кезегіне қатысты қызметтер қалай жүзеге асырылуда?
Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 51 016 азамат тіркелген, оның ішінде:
— жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша — 1964;
— көпбалалы отбасылар – 11 928;
— халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 616;
— мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 19 479;
— жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар- 29.
«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы» мемлекеттік қызметі республика бойынша kezekte.kz электрондық порталы арқылы іске асады. Сондай-ақ, kezekte.kz электрондық порталының кезектілік серпіні ашық (прозрачный) түрде жүргізіледі және кез келген қызметті алушы кезекте тұрған, тұрғын үймен қамтылған азаматтар туралы мәліметтерді көруге және өз кезегінің жылжу ретін толық көруге мүмкіндігі бар.