Еңбек күні қарсаңында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты мекемелер арасында спорттық ойын түрлерінен спартакиада өтті. Физикалық қозғалыстың, командалық спорт ойындарының шығармашылық өкілдерін серіктестікке, сергектікке және өзара байланыста болуға, тапқырлыққа бейімдей түсуі белгілі нәрсе.
Спартакиада шағын футбол, қыздар арасында волейбол, үстел теннисі және арқан тарту секілді спорт түрлерінен өтті. Жарысқа қатысушы мәдениет мамандары тұтас бір күндерін арнап, кесте бойынша спорттық бәсекеге түсіп керемет нәтиже көрсетті. Қаламыздың игілігіне жақында ғана берілген “Металлург” стадионы көрерменге толып, жайнап, бойына қан жүгіргендей болды. Шығармашылық өкілдері шын мәнінде, “Тәні саудың-жаны сау”, “Спорт-денсаулық кепілі” екендігін паш етті. Еңбек күні мерекесінің басты табысы, игілігі осы болды.
Арқан тартыс сайысынан — Шымкент қалалық мәдениет үйі I-орын, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры II-орын иеленді.
Үстел тенисі бойынша — ұлдар және қыздар болып жекелей сайысқа түсті. Сондай ақ, жалпы командалық жарыс нәтижесінде I-орын Опера және балет театры қоржынында, II- орын Жұма Шанин театры, III-орынды Шымкент циркі иемденді.
Кіші футбол жарысында I-орын Опера және балет театры, II-орын Жұма Шанин театры, III-орынды Шымкент Циркі қанжығалады.
Волейбол сайысы бойынша I-орынды Жұмат Шанин театры, II-орын Пушин кітапханасы, III-орынды Опера және балет театрында.
Жеңімпаздарға диплом, медаль және кубок табысталды. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!