НИКИТА ЧИРЮКИН ҚЫТАЙДА АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕСІН ЖЕҢІП АЛДЫ!

Қытайдың Ханчжоу қаласында XIX Азия ойындары өтіп жатыр.  Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті. Ерлер арасындағы «25m rapid fire» жаттығуында Никита Чирюкин (Шымкент қаласы) қола медаль жеңіп алды. Қытай спортшылары алтын және күміс медаль иеленді. Қазақстандық спортшы жеңіс тұғырын ҚХР мергендерімен бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан XIX Азия ойындарына еліміздің атынан 524 атлет аттанды. Қазақстандық спортшылар 30 спорт түрінен 305 медаль үшін бақ сынап жатыр. Бұл  Азия ойындарына Шымкент қаласынан  64 спортшы қатысуда. Спорттық атудан құрама сапында 33 спортшы ел намысын қорғауда. Құралайды көзге атқан мергендер өз шеберліктерін 30 жаттығу бойынша (жеке, командалық және аралас микс сынақ) көрсетеді.

Қазақстандық спортшы Никита Чирюкин көптеген жарыстардың жеңімпазы атанған. Бәсекелестік қиын болғанына қарамастан ол өзінің шеберлігін көрсетті.  Туризм және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, Никита Чирюкин 26 ұпай жинап, жоғары жылдамдықты тапаншадан атуда үшінші орынға табан тіреді.

Құрлықтық жарыстар 23 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында басталды. Оған Азиялық контингенттің 45 елінен 13 000-нан астам спортшы қатысуда!

Айта кетейік, өз тарихында 29-шы мәрте жалауын көтеретін  Азия ойындарына Қазақстан құрамасы сегізінші рет қатысып отыр. Қазірге дейін қазақстандық спортшылар аталған жарыста 1000 медальға қол жеткізді. Олардың 140-ы алтын, 600-і күміс, 260-ы қола.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *