КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНДА ҚАДАҒАЛАУШЫ ОРГАН ӨКІЛДЕРІ ЕСЕП БЕРДІ

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында «Бірыңғай есеп күні» өтті. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, қалалық прокуратура басқармасының басшысы Бақытжан Байғозиев, сондай-ақ, мемлекеттік кірістер департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, қаладағы басқа да бақылау-қадағалау органдарының бірінші басшылығы мен кәсіпкерлер қатысты.

Мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлер алдында есеп берді және олармен мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі идеяларды талқылады.

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекованың мәліметінше, елімізде 2022 жылдың қорытындысы бойынша «Әкімшілік қысым индексінің» рейтингі түзілген.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Әкімшілік қысым индексі» рейтингі жасалды. Осы рейтингке сәйкес, 13 өңірдің көрсеткіші орташа республикалық деңгейден жоғары. Бұл әкімшілік жауапкершілікке тартылған бизнес субъектілерінің үлесі жоғары деген сөз. Еліміз бойынша орташа деңгей 3,6% болса, Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 2,1%-ды құрады. Әкімшілік айыппұл салу бойынша елімізде орташа көрсеткіш 26,5% болса, қаламызда 17,1%-ды құрады, – деді Сабира Адамбекова.

Кездесуде мемлекеттік кіріс, еңбек инспекциясы, фамацевтикалық бақылау, жер қатынастары және басқа да мемлекеттік орган басшылары биылғы 8 айда атқарылған жұмыстарын баяндады. Ал кәсіпкерлер өз тараптарынан ұсыныстарын айтып, сұрақтарына жауап алды.

Мысалы, «Даму» облыстық фармацевтикалық және медициналық ұйымдар қауымдастығының директоры Хадиша Әлжанова саладағы шағын кәсіпкерлердің барлығы бірдей еңбек заңдылығын біле бермейтінін айтып, қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжановқа кәсіпкерлерге семинар сабақтарын өткізу туралы ұсынысын алға тартты. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов осы және басқа да ұсыныстарды қолдап, кәсіпкерлер арасындағы өзекті мәселелер бойынша алдағы уақытта тығыз байланыста болуға дайын екенін жеткізді. «Бірыңғай есеп күні» биыл алғаш рет кәсіпкерлер палатасында ұйымдастырылып, іскер азаматтардың сұрақтары орындауға алынды, тиісті хаттамаға енгізілді.

Айта кетейік, биыл «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына 10 жыл! Палата  1,4 млн кәсіпкердің басын біріктіріп отыр.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *