Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, Еңбекші ауданы әкімдігінің қызметкерлері Тоғыс тұрғын алабында болды.
Аталмыш топ мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде және кәсіпкерлік нысандарда орналасқан тіл заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін жарнама өнімдері мен көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі қателерге және олардың сауатты орналасуына, халықа сапалы қызмет көрсету тілі мен сапасына мониторинг жүргізді.
Нәтижесінде Тоғыс тұрғын алабындағы 13 кәсіпкерлік нысанға зерделеу кезінде 4 коммерциялық нысанның маңдайшасы заң талаптарына сәйкес еместігі анықталды. Кәсіпкерлік нысан иелеріне заң талаптарының сақталуы жөніндегі парақшалар таратылып, ақпараттық ескерту жұмыстары жүргізілді.
Шымкент қаласының шағын аудандарындағы кәсіпкерлік нысандарда Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы талаптарының сақталуына қоғамдық бақылау мен зерделеу жұмыстары жүргізілуде.
Түсіндіру барысында кәсіпкерлік нысан иелеріне Заңнан үзінділер, көрнекі ақпарат мәтіндерін жазудың және орналастырудың схема-үлгілері, анықтама алу және сұрақтар бойынша басқарманың байланыс телефондары мен әдістемелік көмектер көрсету үшін электронды поштасы жазылған таратпа материалдар берілді.
Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасады,-дейді сала мамандары.