Шымкенттегі «Түркістан» сарайында «Мұғалімдер күніне» орай мерекелік іс-шара өттті. Оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, ұстаздар қауымын мерекемен құттықтады. Жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде талмай еңбек етіп, ұлылықты бойына жинаған, білім нұрын шашып, бар өмірін парасат пен ізгілік жолына арнаған ұлағатты ұстаздар қауымына ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ салтанатты жиында саланың үздіктерін марапаттады.
«Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен елімізде алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, ұстаздардың қоғамдағы абырой-беделі артып келеді. 2020 жылдан бастап бүгінге дейін ұстаздар жалақысы 100 пайызға, балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30 пайызға өсіп, әлеуметтік тұрғыда қорғала түсті. Кешегі өткен Республикалық педагогтер съезінде Президентіміз ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Мектепті ең қауіпсіз орынға айналдырудың маңызды екенін тағы да еске салып, білім беру ұйымдарында орын алған буллинг, зорлық-зомбылық көрсетуді түбірімен жоюды тапсырды. Осы бағытта жұмыстарды күшейту – басты міндетіміз» — деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Мерекелік іс-шараға ардагер ұстаздар, басқарма басшылары, орталықтардың директорлары мен әдіскерлері, білім беру ұйымдарының директорлары мен педагогтері қатысты. Кеш қонақтары патриоттық әндерді тыңдап, ұстаздарды ұлықтаған шәкірттердің өнерін тамашалады.
Мегаполистің білім беру жүйесі – 30 мыңға жуық ұстаз еңбек ететін үлкен салаға айналып отыр. Қаламыздағы 930 білім беру ұйымы 440 мыңға жуық тәрбиеленушіні, оқушы мен студентті қамтиды.