Шымкентте қайта жаңғыртылған «Металлург» стадионы бұқаралық спортты дамытуға серпін беруде. Озық үлгіде жабдықталған нысанға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы барып, аралап көрді.Орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты.
Кеңес Одағы кезінде пайдалануға берілген спорт кешені бүгінде заманауи талаптарға сай жаңартылған. 1504 көрерменге арналған стадионда күрес, бокс, кикбоксинг, футбол, волейбол, баскетбол, гандболға арналған залдар бар. Сондай-ақ 64 орындық қонақ үй қарастырылған. Орталықта спорттың 10 түрі бойынша жастар шыныға алады. Сонымен қатар мұнда мың жарым орындық трибуна, әкімшілік ғимараты салынған.
Шымкенттегі «Металлург» стадионы 10 жылдық үзілістен кейін биыл қайта іске қосылды. Нысан 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында, қайта жаңғыртудан өтіп, қолданысқа қайта берілді. Тарихы терең нысанды жөндеуге 3 миллиард 800 миллион теңге жұмсалған.
Айта кетейік, «Металлург» стадионы 1957 жылы құрылған. Нысан Шымкент қорғасын зауытына тиесілі болған. Алайда Шымкент қорғасын зауытына жабылып қалған соң, «Металлург» стадионы қараусыз қалған. Сондықтан қала әкімдігі жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, қайта жөндеуден өткізді. Бүгінде заман талабына сай қайта жаңғыртудан өткен стадион бұқаралық спортты дамытуға серпін беруде.
Алдағы уақытта стадионда халықаралық, республикалық деңгейдегі түрлі іс шаралар ұйымдастырылатын болады.