Елімізде педагогтардың кәсіби мерекесі нақты 5 қазан күні болып бекітілді. Биыл Үкімет тиісті қаулы қабылдады. Бұған дейін мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келген. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.
5-қазан педагогтардың кәсіби мерекесіне орай шымкенттік ұстаз Марфуға Күнтаева ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алды.
Марфуға Әбутәліпқызы Шымкент қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы № 65 мектеп-гимназиясында ұстаздық етеді. Өз мамандығының білікті иесі қазақ тілі мен әдебиет пәнінен қаншама шәкіртті тәрбиелеп, қанаттандырды. Оқушылары халықаралық, республикалық Олимпиадаларда талай рет жеңіс тұғырынан көрінді.
Марфуға Күнтаева — жаңаша ойлайтын, оқушыға сенімдік сыйлай алатын, түсінігі мол, білімді, нағыз өз кәсібінің майталманы. Заман талабына ілескен ұстаз үнемі білімін жетілдіріп отырады. Сабақ өту барысында инновациялық технологияларды ұтымды пайдаланып, әр баланың ой-өрісін дамытуға күш жұмсайды.
Мерекеде айтулы марапатқа ие болған мұғалім авторлық бағдарламалардың иесі атанып, республикалық байқауларда топ жарып жүр.
Марфуға Әбутәліпқызы бұған дейін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін иеленген.