Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Құрсай елдімекенін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Құрылыс екі кезеңде атқарылуда. Бірінші сатыда мердігерлер шағынауданға су жеткізу үшін ұзындығы 185,5 шақырымды құрайтын құбырларды жүргізуде. Жаңа желілер арқылы 5 мыңға жуық отбасыға ауыз су жеткізіледі. Құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңі қараша айында аяқталады. Қазіргі таңда құрылыстың 99 пайызы орындалған.
Ал екінші кезеңдегі жалпы су жүйелерінің ұзындығы — 151 шақырым. Бүгінге дейін жұмыстардың 98 пайызы аяқталған. Нәтижесінде жыл соңында 3 мыңнан астам абонент ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Қала әкімі жауаптыларға құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, мерзімінде атқару бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, 2023 жылы Шымкент тұрғындары сапалы ауыз сумен 100% қамтылады. Жергілікті билік қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында биыл 7 нысанда құрылыс жұмыстарын қолға алған болатын. Олар: Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 екінші кезек, Нұртас ВС, Текесу е/м, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс аумақтары және Қайнарбұлақ е/м. Ал, Сайрам елдімекенінде құрылыс жұмысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілген. Осы жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елдімекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99%-ға жетеді. Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады.