Ханджоуда өткен Азиа ойындарында каратэден Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Еліміздің 8 спортшысы да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Оның ішінде, құрамадағы шымкенттік 3 спортшының екеуі алтын, біреуі күміс медаль иеленді.
Бүгін Шымкенттіктер Азия ойындарын 2 алтын, 1 күміс жүлдемен аяқтаған Софья Берульцева мен Қайсар Алпысбайды, Данияр Юлдашевты сән салтанатпен күтіп алды.
Салтанатты жиында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, алдағы жауапты бәсекелерде сәттілік тіледі.
– Кезекті Жазғы Азия ойындарын шымкенттік спортшылар жарқын жеңіспен аяқтады. Мінекей, жоғары жетістіктерге жеткен спортшыларымыздың соңғы тобын қарсы алып отырмыз. Каратэшілер биыл Азия чемпионатында 2 алтын, 1 қола медаль еншілеген еді. Жазғы Азия ойындарында да сенім үдесінен шығып, осы жетістікті қайталады. Алда Олимпиада ойындары бар. Ол сында да жоғары жетістіктерді күтеміз, – деді Қуаныш Жұмабекұлы.
Софья Берульцева 68 келіден жоғары салмақта финалда непалдық Арика Гурунгпен сынға түсті. Софья бірден тізгінді қолға алып, юко ұпайларымен алға шығып, сол басымдылығынан айырылған жоқ. Осылайша, Софья Берульцева Қазақстан қоржынына оныншы алтын жүлдені салған еді. Ал 60 келі салмақта алтын медальді жеңіп алған Қайсар Алпысбай финалдық тартысты кездесуде Кувейт өкілі Абдулла Шаабахты 7:5 есебімен жеңді. Сондай-ақ 19-шы Азия ойындарыфнда Данияр Юлдашев Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Спортшылар барша жанкүйерлерге алғысын білдірді.
Биылғы Азия чемпионатында еліміздің құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-ші орынға ие болды. Жазғы Азия ойындарында да еліміздің каратэшілері 3 алтын жүлде иеленіп, командалық есепте үздік шықты.Іс-шарада жеңімпаз спортшылар енді әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалатынын атап өтті.
Айта кетейік, Қытайда өткен Азия ойындарында Қазақстан 80 медальмен 11-ші орынға жайғасты. Ел құрамасы сапында Шымкентен 66 спортшы қатысты. Олар 5 алтын, 10 күміс, 11 қола медальді жеңіп алды.