ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ПРЕМЬЕРА!!!

Шымкент қалалық опера және балет театрында хор ұжымы «Күтемін сені» атты композициялық драманың жаңа форматтағы қойылымын көрерменге паш етті. Сюжеттің негізінде екі басты кейіпкер – Баритон мен Колоратурлық Сопрано арасындағы махаббат хикаясы баяндалды. Қойылымды сахналаған актерлер және театрдың хор ұжымы өнер мен шынайы өмір әлеміндегі нағыз оқиғаны театр сүйер қауымға жеткізіп, ерекше атмосфера сыйлады. ⁣⁣

⁣⁣Бұл қойылым – хор ұжымының композициялық драма классикалық жанрына жаңа көзқарас. Сюжеттің негізінде екі басты кейіпкер – баритон  мен колоратурлық сопрано  арасындағы махаббат хикаясы.

–«Күтем сені» – композициялық драма, классикалық мюзикл. Біз бұл қойылымды жастарға арнап сахналадық. Әрі осы қойылым арқылы Шымкент қалалық опера және балет театрының 15 жылдық тарихын зерделей отырып, театр өнеріндегі еңбегін көрерменге жеткізуге ұмтылдық. Қойылым ерекше жанрда, заманауи стилде сахналанды және халық әндері мен тагымал қазақ композиторларының әндері арқылы көрермендерді керемет әсерге бөлегені сөзсіз, – деді режиссер Шағуан Үмбетқалиев. ⁣⁣

⁣⁣Көріністің барысы Баритон мен Колоратурлық Сопраноның жастық шақтағы пәк махабатынан бастау алады. Екеуі қыз-жігіт болып жүргенде махабаттың буына балқыған Баритон үйленуге бел байлайды. Алайда, қалтасында көк тиыны жоқ ол достарынан көмек сұрайды. Қасындағы адал достары бірігіп, кең далада Баритонға той жасап береді. Барлығы тойды мәз-мейрам, шат-шадыман болып өткізеді. Қонақтар тарқасып, қос ғашық оңашада қалып, атқан таңды таудың етегінде қарсы алады. Дүниеге нұрын шашып күн шыққанда қос ғашық алдағы өмірін жоспарлап, армандарынан сыр шертеді.

Драманы басты рөлдерді талантты өнерімен көрермендердің сүйіспеншілігіне ие болған әртістер және Шымкент қалалық опера және балет театрының хор ұжымы сомдап,  қазақ композиторларының және халық әндерінен жанды дауыста акапелла орындады.

Қойылымның әсерлі болғаны сондай көрермен бірде көз жасына ерік берсе, бірде күлкі мен қуанышқа кенелді. Ойлы жанның жүрегіне жол тапқан «Күтемін сені» композициялық драмасы отбасының қадірі мен құндылығын тағы бір мәрте сезіндіріп, баянды баққа жету үшін соқтықпалы, соқпақсыз өмір жолындағы қиындық пен тауқымет атаулыны бірге көтеру керектігін көрерменге ұғындырды. ⁣⁣

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *