Шуақты Шымқала заман талабымен үндесіп, көркейіп келеді. Осы бағытта мегаполис аумағында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен қолға алынған «Таза қала өзіңнен басталады» акциясы аясындағы бүгінгі сенбілікте Фосфоршылар сарайының аумағын 1000-ға жуық адам қоқыстан тазартты. Тазалық шараларына қала әкімінен бастап мемлекеттік қыметшілер, кәсіпкерлер, еріктілер, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер мен тұрғындар белсене қатысты.
—Фосфоршылар сарайының төңірегі жабайы тоғайға айналғаны туралы көптен бері мәселе көтеріп, аудан мен қала әкімдеріне жеткізіп келдім. Осынша уақыттан кейінгі жан-айқайымызға Ғ.Сыздықбеков құлақ түріп, міне бүгін өзі бастап сенбілік ұйымдастырып отыр. Бір кездері мәдениеттің ошағы болып, бүгінде қараусыз жағдайға жеткен сарайдың айналасы тазарғанына қуанып отырмын, — дейді шаһардың белсенді ардагері Өркен Әбдіреев.
Төрт секцияға бөлінген аумақтағы жұмыстарға аудандық коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен 50-ден астам техника жұмылдырылды. Ал жалпы қала аумағындағы тазалық жұмыстарына 60 мыңға жуық адам үлес қосты.
—Бүгін қоршаған ортаға немқұрайлы қарамайтын азаматтардың көмегімен бұл аумақта тазалық жұмыстары атқарылып жатыр. Жалпы, осындай сенбілік қаланың әр нүктесінде тұрақты ұйымдастырылатын болады. Одан кейін тазаланған орындарға ағаш көшеттері отырғызылады, — дейді қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әбілқайыр Оңғар.
Бұл бағыттағы шаралар барлық аудан аумақтарында тұрақты түрде әр сенбіде ұйымдастырылады. Қураған ағаштардың орнына жасыл желектер отырғызылып, тазарған аумақтар көгалдандырылады. Акция қазан, қараша айында жалғасады.
—Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков тұрғындардың ұсынысын ескеріп, бүгін кең көлемде тазалық жұмысы жүзеге асып отыр. Бұған дейін де тұрғындар мен коммуналды қызметкерлердің күшімен сенбілік өткізіп келдік. Бүгін көпшіліктің жұмыла кіріскенінің арқасында бұл төңірек жаңа кейіпке еніп отыр, — дейді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев.
Тұрғындардың талап-тілегін ескерген жергілікті билік көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру, көркейту жұмыстарына айрықша басымдық беріп отыр.